Accessibility links

ПТР тестімен расталған дерек. Өткен тәулікте 63 адамнан Covid анықталған


 Дүкенге кіреберістегі маска тағу қажетін ескертетін жазба. Алматы, 20 тамыз 2020 жыл.
Дүкенге кіреберістегі маска тағу қажетін ескертетін жазба. Алматы, 20 тамыз 2020 жыл.

19 қыркүйек күні Қазақстанда 63 адамнан ПТР тестімен расталған Covid инфекциясы анықталған. Бір күнде аурудан 55 адам жазылып шыққан. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Өткен тәулікте тіркелген науқастардың төрттен бірінен астамы (26 пайыз) Шығыс Қазақстан облысының үлесінде. Covid инфекциясы облыстың 24 тұрғынынан табылған. Нұр-Сұлтанда – 7, Қарағанды облысында – 5, Солтүстік Қазақстан облысында – 4 науқас тіркелген. Қалған облыстарда және республикалық қалаларда 1-2 науқастан шыққан.

Эпидемия басталғалы Қазақстанда барлығы 107 262 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны ПТР тестімен расталған. Оның ішінде 101 877 адам жазылған. Ресми дерек бойынша, зертханалық расталған коронавирустан 1671 адам қайтыс болған. Алайда коронавирус жұқтырып, "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам бар. Бұл дерек соңғы рет 24 тамызда жаңарды. Сол күні Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахмет "ілеспе аурудан" 556 адамның көз жұмғанын айтқан.

Билік зертханалық талдаумен расталмаған коронавирус науқастарының есебін тек 1 тамыздан кейін, індеттің өршуі әбден басылғанда жүргізе бастады. Тамыздың басынан 19 қыркүйекке дейін ПТР тестімен расталмаған коронавирус пневмониясы бойынша 31 086 науқас тіркелген. Оның 343-і қайтыс болған.

Қазақстанда коронавирус пневмониясының есебі жүргізіле бастаған 1 тамызға дейін 256 мың адам пневмонияға шалдыққан. Бұл – өткен жылғыдан 3,3 есе жоғары көрсеткіш. Мұның нешеуі бактериялық, нешеуі вирустық, нешеуі коронавирустық екені айтылмады.

Бірақ 1-8 шілде аралығында тіркелген 56,8 мың пневмония науқасының 39,7 мыңынан коронавирус белгілері байқалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG