Accessibility links

Коронавирус пневмониясы: Бір күнде 272 науқас, 5 өлім тіркелді


Коронавирус пандемиясы кезінде көшеде жүрген қыздар. Алматы, 11 қыркүйек 2020 жыл.
Коронавирус пандемиясы кезінде көшеде жүрген қыздар. Алматы, 11 қыркүйек 2020 жыл.

19 қыркүйек күні Қазақстанда ПТР тестімен расталмаған коронавирус пневмониясы 272 адамнан анықталған. Аурудың бұл түрінен бір күнде 5 өлім тіркелген. Бұл туралы Coronavirus2020.kz Telegram каналы хабарлады.

Қазақстан зертханалық талдаумен расталмаған коронавирус пневмониясының есебін тек 1 тамыздан бастап – індеттің өршуі әбден басылғанда – жүргізе бастады. Мәселен, 1-8 шілде аралығында 56,8 мың адамнан пневмония анықталса, оның 39,7 мыңында (70 пайызында) коронавирус белгілері байқалған. Бірақ мұның ешқайсысы коронавирус жөніндегі ұлттық статистикаға кірмеген. Коронавирус пневмониясының есебі жүргізіле бастаған 1 тамызға дейін 256 мың пневмония науқасы тіркелген. Бұл – өткен жылғыдан 3,3 есе көп көрсеткіш. Денсаулық сақтау министрлігі оның қаншасынан коронавирус белгілері байқалғанын айтпады.

Жаздың алғашқы айларында белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония өршіп, дәріханаларда тапшылық пайда болып, ауруханада орын жетпей, науқастар мен олардың туыстары өзін-өзі емдеуге мәжбүр болды. ДСМ ПТР тесті көрсеткен жоқ деп пневмония науқастарын коронавирус дерегіне қосудан бас тартып келді. Жергілікті және халықаралық қауымдастықтың қысымынан кейін министрлік 17 шілдеде коронавирус пен белгілері бойынша соған ұқсайтын коронавирус дерегін біріктіретінін, бірақ 1 тамыздан бастайтынын мәлімдеді. Қырғызстан статистиканы біріктіретінін айтып, ортақ санауға бір күнде көшкенде, Қазақстан үкіметі статистиканы біріктіруге дайындық керегін айтып, екі апта тіркеп алды.

Министрлік 1 тамыздан бастап коронавирус пневмониясының дерегін жүргізе бастады, бірақ оны уәде етілгендей коронавирус статистикасына қосқан жоқ. Коронавирустың әлем елдері бойынша тарауын бақылап отырған халықаралық ұйымдар мен мекемелердің көбі Қазақстанның ресми дерегіне сүйеніп, тек ПТР тестімен расталған науқастар саны көрсетіп отыр. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус пен соған ұқсайтын пневмония дерегін біріктіріп беріп отыр.

1 тамыз бен 19 қыркүйек аралығында Қазақстанда 31 086 пневмония науқасы тіркелді. Осы аралықта аурудан 26 669 адам жазылды, 343 адам қайтыс болды.

ПТР тестімен расталған үкімет дерегіне келсек, 13 наурыз бен 19 қыркүйек аралығында 107 262 науқас тіркелген. Оның ішінде 101 877 адам сауыққан, 1695 адам қайтыс болған. 24 тамызда ДСМ ресми өкілі Бағдат Қожахмет коронавирус жұқтырса да, "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген 556 адамның барын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG