Қырғызстан премьер-министрі Кубатбек Боронов ішкі істер министрлігіне Ош облысы Араван ауданында екі саяси партия өкілдері арасында болған жанжалды зерттеуді тапсырды. 20 қыркүйекте "Мекеним Кыргызстан" партиясынан депутаттыққа үміткерлермен кездесу кезінде жаппай төбелес болып, 12 адам жарақаттанған еді.
Премьер-министр Боронов дүйсенбі күні жанжалға кінәлілерді жауапқа тарту керек деп мәлімдеді. Жергілікті билікке Араван ауданының тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Ауданның ішкі істер басқармасының жетекшісі "қоғам қауіпсіздігін қорғау саласында кемшілікке жол бергені үшін" қызметінен алынған.
20 қыркүйекте Ош облысы Араван ауданында "Мекеним Кыргызстан" партиясынан депутаттыққа ұсынылған кандидаттармен кездесу кезінде жанжал шығып, 12 адам түрлі жарақатпен ауруханаға түскен. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. 10 адам милиция бөлімшесіне жеткізілген. Бес көлік шағылған. Сараптама тағайындалған, материалдық шығыны есептеліп жатыр.
Әлеуметтік желі қолданушылары мен кейбір ақпарат құралдары "Мекеним Кыргызстан" партиясы өкілдерінің төбелесті бастағанын жазды. Бірақ партияның өзі бұл ақпаратты жоққа шығарды. "Мекеним Кыргызстан" партиясы өкілдерінің айтуынша, кандидаттар мен сайлаушылар арасындағы кездесуді арандатушылар бұзған. Ал "Биримдик" партиясы арандатуға қатысы бар адамдар заңмен қатаң жазалануы тиіс деді.
ПІКІРЛЕР