Accessibility links

Нұр-Сұлтанда 7 жылдан бері үйлерін күтіп жүрген үлескерлер әкімдік алдына жиналды


Әкімдік алдында плакат ұстап, наразылық өткізіп тұрған үлескерлер. Нұр-Сұлтан, 21 қыркүйек 2020 жыл.

21 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда 40-қа жуық үлескер қала әкімдігінің алдына жиналып, биліктен бірнеше жылдан бері күтіп жүрген пәтерлерін аяқтауға көмектесулерін сұрады. Ал әкімдікке қарайтын құрылыс компаниясы ол үшін үлескерлердің кемінде үштен екісі өтініш жазуы керек дейді.

Нұр-Сұлтан тұрғыны Сұлтан Жақсылықұлы осыдан 8 жыл бұрын "Комсомольский" тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі пәтер алу үшін "Азбука жилья" құрылыс компаниясына 12 млн 800 мың теңге құйған. Құрылыс компаниясы 2013 жылы кешенді аяқтауға уәде берген. Алайда содан бері 7 жыл өтсе де уәдесін орындамады дейді үлескер.

– Жеті жыл болды – үй де жоқ, күй де жоқ. Жүрісіміз мынау. Бірінші бастығы бүкіл ақшаны алды да қашып кетті. Оны "Орда-инжирингке" тапсырған болатын. Олар да созып, ақшаны жоқ қылды. Одан кейін "Комсомольский успех" келіп, ол де ештеңе тындырған жоқ. Ол қолда бар активке үйді салып қоюға да болатын еді. Ақшаны қайда жібергендерін білмейді. Енді қазір екіге бөлініп отырмыз, - дейді Сұлтан Жақсылықұлы.

Оның сөзіне қарағанда үлескерлердің бір бөлігі тұрғын үй кешенін мемлекет аяқтап берсін десе, екінші бір бөлігі бұған қарсы. Әкімдік алдында өткен наразылыққа тұрғын үй кешенін мемлекеттің аяқтауына қарсы үлескерлер келмеді.

Наразы тұрғындардың сөзіне қарағанда 600 отбасыға арналып салынып жатқан кешен 12 қабат, төрт блоктан тұрады. Қазір тек қаңқасы ғана дайын.

Тағы бір үлескер Қайнижамал Сәдуақасованың айтуынша, бұған дейін тұрғындар президентке дейін хат жазған, алайда билік әзірге көмектеспеген.

– Біздің ақша салғаннан басқа кінәміз жоқ. Мен өзім 15 млн теңге құйдым. 2012 жылы доллар 150 болып тұрған кезде бұл кәдімгідей көп ақша болатын. Біздің талабымыз – үкімет осы кешенді қарамағына алып, тендер арқылы салып берсін, – дейді Қайнижамал Сәдуақасова.

Әкімдікке қарайтын "Елорда құрылыс компаниясының" өкілі Талғат Малыбаев ақпарат құралдарына тұрғын үй кешенін мемлекет аяқтауы үшін үлескерлердің кемінде үштен екісі қолдап, өтініш жазуы керек, ал нақты жағдайда бұл шарт орындалмай отыр деді

– Біз тікелей эфирде онлайн дауыс беру өткіздік. Ол екі аптаға созылды. 200-ден астам адам оны мемлекет бітіріп берсін деп қолдап дауыс берді. Бұл барлық үлескердің шамамен 30 пайызын ғана құрайды. Тұрғын үй құрылыс кооперативі бар, тұрғын үй құрылыс шаруашылығы туралы заң бар. Оған сәйкес, кемінде үштен екісі дауыс беруі керек, – дейді Талғат Жанболатұлы.

Үлескерлер уәде етілген пәтерлерін күтіп, оны көре алмай, қайтыс болған адамдар да барын айтты.

"Бәріміз балаларымыз үшін салдық қой. Балаларымыз осы пәтерге кірудің орнына қазір әр жерде пәтер жалдап, қаңғырып жүр. Ақша салған кезде 15 жаста болған балалар қазір зіңгіттей жігіт болды. Бірақ әлі үй жоқ" дейді үлескерлер.

Нұр-Сұлтанда тұрғын үй құрылысы көптеп салынғанымен мәселе әлі күнге дейін түбегейлі шешілген жоқ. Жергілікті биліктің дерегінше, қазір Нұр-Сұлтанда билік "проблемалық" деп таныған құрылысы аяқталмаған ондаған тұрғын үй кешені бар. Қаражат салып, не баспанасыз, не ақшасыз қалған үлескерлер проблемасы 2010 жылдан бері көтеріліп келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG