Accessibility links

Блогер Айгүл Өтепова сот шешімімен үйқамаққа шықты


Айгүл Өтепова.

Жексенбі күні кешкі сағат 9 шамасында Нұр-Сұлтан қалалық мамандандырылған тергеу соты онлайн арқылы өткен сот процесінде блогер, журналист Айгүл Өтепованы уақытша қамау изоляторынан үйқамаққа шығару туралы қаулы шығарды. Бұл туралы Айгүл Өтепованың өзі Азаттық тілшісіне хабарлады. "Тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп күдікке ілінген Өтепова өткен аптада уақытша қамау изоляторына қамалған еді, полиция үйінде тінту жүргізіп, компьютер, мобильді телефонын тәркілеген.

Сот қаулысына сәйкес ол тергеу амалдары аяқталғанша 17 қарашаға дейін үйқамақта болуы тиіс.

Нұр-Сұлтан қалалық мамандандырылған тергеу сотының судьясы Тимур Көпбосынов шығарған шешімде оған денсаулығына байланысты медицина орталықтарынан басқа жерлерге баруына, үйден шығуына толық тыйым салынғаны көрсетілген.

Айгүл Өтепованың айтуынша, сотта Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті оны тергеу амалдары аяқталғанша үйқамақта қалдыруды сұраса, прокурор тергеу изоляторына жабуды талап еткен. Ал өзінің жұмыс істеп, күнкөріске ақша табу үшін ешқайда кетпеу туралы қолхатпен шығаруды өтінгенін, бірақ судья кәмелет жасына толған қызына сілтеме жасап, қанағаттандырмағанын айтады.

– Билік әдетте митингілер алдында сәл белсенділік танытқандардың бәрін жабады, ештеңе таппаса өткеннен бір нәрсе тауып қазбалайды. Ондайлар жетеді. Бірақ мен белсенді емеспін. Бар болғаны блогерлікпен айналысамын. Митингілерге де қатысқаным жоқ. Ендеше бұл сөз бостандығын түбегейлі тұқыртуға тырысу, – дейді Айгүл Өтепова.

Оның айтуынша, тергеуші оған тағылған айыптың дәлелі ретінде блогердің сотпен тыйым салынған «Көше» партиясы атрибуттары бар бас киімдер тоқып таратқанын да айтқан.

– Бірақ ол бас киімдерді тоқып, таратқан кезде «Көше партиясы» қозғалысына әлі тыйым салынбаған болатын. Осыны тергеушіге айттым. Өзім ашық түстерді ұнатқандықтан және бірнешеуін тоқып қойған соң тарата салуды ұйғарғанмын. Ол акция да емес және содан кейін ешнәрсе тоқығаным жоқ, – дейді Айгүл Өтепова.

17 қыркүйекте Нұр-Сұлтан полициясы блогер Айгүл Өтепованың үйін тінтіп, өзін уақытша қамау изоляторына отырғызған. Блогердің өзі оған Facebook-тегі жазбалары себеп болғанын, полицияның әлеуметтік желідегі жеке парақшасын қадағалағанын айтады. Оған Қылмыстық кодекстің 405-бабының 2-тармағына сай "тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты" деген айып тағылып отыр. Бұл бап бойынша екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

50 жастағы Айгүл Өтепованы жұрт "эпатаж журналист" ретінде біледі. Ол newtimes.kz басылымында журналист болып еңбек еткен. 2015 жылы Қазақстан президенттігіне өзін үміткер ретінде ұсынып, кейін бас тартқан еді. Блогердің жеке YouTube арнасы да бар.


  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG