Accessibility links

Беларусь дәрігерлері "өтірік коронавирус статистикасын" бүркеуден бас тартатынын айтты


Арнайы жасақ алдында Конституцияны оқып тұрған адам. Минск, 20 қыркүйек 2020 жыл.
Арнайы жасақ алдында Конституцияны оқып тұрған адам. Минск, 20 қыркүйек 2020 жыл.

Беларусь дәрігерлері видеомәлімдеме таратып, бейбіт шеруге шыққан азаматтарға күш қолдануды айыптап, сонымен бірге "өтірік коронавирус статистикасына" үнсіз қарап отыра алмайтынын жеткізді.

"Біз, Беларусь Республикасының медицина қызметкерлері: билік, милиция, судьялар және балаклава киген адамдар заңды белден басып жатқан шақта; әрбір адамға сайлаудың нағыз қорытындысы айдан анық болып тұрған кезде; Ресми БАҚ-тан өтірік пен лас ақпарат судай аққан шақта; Адамдарды көшеде ұрлап әкетіп, бет-жүзін жаcырған адамдар үйінен алып кеткен шақта; Халық пен заң алдында әділ боламыз деп уәде бергендер заңды таптап, өз халқына оқ атып, ұрып-соғып, азаптап, өздері қылмыскерге айналған шақта...Халық таңдады делінген адамның аузынан қоқан-лоқы, ар-намысқа тиетін сөз бен масқара жайтты естіген шақта біз елде болып жатқан оқиғалардан тыс қала алмаймыз" делінген мәлімдемеде.

Медицина қызметкерлері бұған дейін халыққа күш қолдануды айыптаған спортшы, жұмысшы, студент, мұғалімдерді қолдайтынын жеткізіп, "қоқан-лоқы мен өтіріктен шаршаған Беларусь халқымен" бірге екенін айтқан.

"Біз бетімізді бүркемейміз. Бізге ұялуға негіз жоқ, бәріміз қорқып-қорқып шаршадық. Әріптестерімізді ұстап, түрмеге қамап, ұрып-соққан кезде үнсіз қалмаймыз. Өтірік статистиканы бүркемелемейміз. Егер мемлекет COVID-19 жоққа шығарып, мәселені шешуге тырысса, ондай көзбояушылыққа араласудан бас тартамыз" деді дәрігерлер.

Бұл мәлімдемені қолдайтын дәрігерлерге видео авторлары арнайы форманы толтыруды ұсынған. Оған соңғы мәлімет бойынша 1800-ден астам адам қол қойған.

18 қыркүйек күнгі мәлімет бойынша, Беларусьте індет басталғалы бері 75 230 адамға коронавирус жұққан, 773 науқас көз жұмған. БҰҰ статистикасы бойынша, Беларусьте маусым айында адам өлімі соңғы жылдармен салыстырғанда рекордтық көрсеткішке жеткен.

Денсаулық сақтау министрлігі мамыр айында коронавирус жұқтырғандар санының шарықтау шегіне жеткенін хабарлаған. Ал 2 шілдеде Лукашенко денсаулық сақтау жүйесі коронавирусты жеңді деп мәлімдеген.

Елде 1,5 айға жуық уақыттан бері наразылық акциялары өтіп жатыр. Наразылар президент сайлауының ресми қорытындысымен келіспейді және күштік құрылымдардың халыққа күш қолдануын айыптайды. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, 9 тамыздан бері 12 мыңнан астам адам ұсталған, жүздеген адам соққыға жығылған. Еуропа елдері президент сайлауының ресми қорытындысын танудан бас тартты және Александр Лукашенко режиміне санкция салуға дайындалып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG