Accessibility links

Орал тұрғыны тарифтердің қымбаттауына наразылық білдіріп, жалғыз адамдық пикет өткізді


Орал тұрғыны Қадиша Мұқанова жалғыз адамдық пикет жасап тұр. 23 қыркүйек 2020 жыл.
Орал тұрғыны Қадиша Мұқанова жалғыз адамдық пикет жасап тұр. 23 қыркүйек 2020 жыл.

23 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында орталық алаңда Қадиша Мұқанова есімді тұрғын жалғыз адамдық пикет өткізді. Оның қолында "Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бағасының қымбаттауына қарсымыз!" (Мы против повышения цен на ЖКХ!) деген жазуы бар плакат болды. Тұрғынның пикет өткізуіне жергілікті билік рұқсат берген.

Қадиша Мұқанова пикет арқылы аймақтағы коммуналдық қызмет құнының қымбаттауы мәселесіне билік назарын аудартқысы келетінін айтты. Оның пікірінше, билік бағаны қымбаттатуға емес – өсірмеуге күш салуы керек.

– Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы тарифі қымбаттаса, ізінше ғимарат жалдау құны автоматты түрде өсе бастайды, ал одан соң барлық тауар бағасы қымбаттайды. Ал бұл әрбір тұрғынға әсер етеді. Менің ойымша, билік дағдарыс кезінде тарифті қымбаттатуға мораторий енгізуі керек, – деді Мұқанова пикет кезінде.

Алаңнан ары-бері өткен тұрғындар пикетте айтылған мәселені қолдады. Кейбірі акцияның пайдалы екенін айтып, тарифтердің қымбаттауы азаматтардың "қалтасын қағып жатқанын" айтты.

"Егер тариф қымбаттай берсе, бәріміздің алаңға шығуымызға тура келеді" деді пикетті қолдаған әйелдердің бірі.

Оқиға орнында қала әкімдігі мен полиция қызметкерлері жүрді. Әкімдік өкілі биліктің пикет тақырыбынан хабардар екенін айтты.

"Біз пикеттің өтетіні жайлы ескерту алдық, оған рұқсат етілген. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы тарифтерінің өсуіне қарсы акция. Біз айтылған талап-тілектерді жоғары жаққа жеткізу үшін осында келіп отырмыз" деді ішкі саясат бөлімінің басшысы Ербол Көшеков.

Оның сөзіне қарағанда пикетте айтылған талаптар мен мәселелерді шешу жолдары да алдағы отырыстарда талқыланады.

Пикетті жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Орал қалалық бөлімшесі ұйымдастырған. Олар алдағы уақытта акция өткізуге тағы өтініш беретінін айтып отыр.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG