Алматыдағы тергеу изоляторында қамауда отырған белсенді Санавар Закирова карцерден шықты. Ол бірден жалғыз адамдық камераға қамалған. Өміріне қауіп төнгенін айтқан белсенді бұған дейін өзін бір адамдық камераға қамауды өтінген. Бұл туралы 23 қыркүйекте Азаттық тілшісіне Санавар Закированың адвокаты Жанар Балғабаева хабарлады. Ол сәрсенбі күні белсендімен видеобайланыс арқылы сөйлескен.
– Оның аштық ұстап отырғанына алты күн болды. 17 қыркүйекте өзін карцерге заңсыз қамағанына қарсылық білдіріп, аштық жариялаған еді. Карцерден соң оны бір адамдық камераға қамады. Бірақ аштық акциясын тоқтатпады, – деді Балғабаева Азаттық тілшісіне.
Бір күн бұрын карцерден шықпай тұрып адвокатымен сөйлескен кезде Закирова оған түрлі инстанцияларға жазған шағымдарын тапсырған. Онда құжаттар да көрсетілген. Адвокат Азаттық тілшісіне Закирова берген құжаттың көшірмесін көрсетті.
Азаттық тілшісі тергеу изоляторына хабарласқанмен жауап ала алмады. Алматы қаласы қылмыстық-атқару жүйесі комитеті департаменті өкілдері Закированы сейсенбі күні кешке карцерден босатқанын растады.
Закирова 17 қыркүйекте бес күнге карцерге қамалған болатын. Тергеу изоляторының айтуынша, ол "камерада бірге отырған үш әйелді ұрып-соққан". Ал белсендінің қызы әрі қоғамдық қорғаушысы Малика Закированың сөзіне қарағанда анасы өзіне тап берген үш әйелге тойтарыс берген.
23 қыркүйекте Жанар Балғабаева Азаттық тілшісіне тергеу изоляторының ақпараты негізінде осы жанжалға байланысты Закированың үстінен қылмыстық іс қозғау талпынысы байқалғанын айтты.
– Тіпті анықтаушы да келді, алайда Закирова үш әйелді ұрып-соқты деген версияның масқара екеніне көзі жеткен соң қылмыстық емес, әкімшілік іс қозғалды. Енді әкімшілік зерттеуді учаскелік инспектор жүргізіп жатыр. Бұл істе бастапқыда "үш жәбірленуші" деп айтылғандардың біреуі ғана жәбірленуші, қалған екеуі куәгер ретінде танылған. Закирова "жәбірленушінің ішінен ұрды", "әдепсіз сөздер айтып, өзі құрмақ болған оппозициялық партияға үгіттеп кіргізбек болды" деп айыпталып отыр, – дейді Жанар Балғабаева.
Бұған дейін Закирова өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, Алматы прокурорына өтініш жазған. "Егер өліп кетсем, тергеу изоляторының басшылары мен қызметкерлерін кінәлауды сұраймын" деп өтініште аты-жөндерін де көрсеткен еді.
21 тамызда Санавар Закирова прокурормен кездесуді талап етіп, үш күнге аштық жариялаған. Прокурормен кездескен соң акциясын тоқтатқан.
Оның апелляциялық шағымы алдағы күндері Алматы қалалық сотында қаралуы тиіс.
15 шілдеде сот Закированы биліктегі "Нұр Отан" партиясының мүшесі Т.Ш. есімді азаматтың 39 жастағы қызы Д.Ш.-ның "денсаулығына орта дәрежеде қасақана зиян келтірді" (Қылмыстық кодекстің 107-бабы, 2-бөлімі, 7-тармағы) деп тауып, оны 12 айға бас бостандығынан айыру жазасына кескен. Айыптауға негіз болған оқиға 8 тамызда Т.Ш.-ның үйінің маңында болған. Сол оқиғадан соң екі жақ "дене жарақатын салды" деп бір-бірін айыптаған.
Жақтастары Санавар Закированы саяси себеппен қудалап жатыр және бұған былтырғы сот ісінің қатысы бар деп санайды. Былтыр шыққан сот шешім бойынша, Закирова мен оның екі жақтасы "Нұр Отан" партиясының төрт мүшесіне өтемақы төлеуге міндеттелген. Ал өзге тарап мұны жоққа шығарады.
Осы айдың басында қазақстандық құқық қорғаушылар Санавар Закированы "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген.
ПІКІРЛЕР