Accessibility links

"Назарбаев күшіктері" дегені үшін үстінен қылмыстық іс қозғалған Ербол Есхожинге екінші үкім оқылды


Ербол Есхожин.
Ербол Есхожин.

24 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласының Есіл аудандық соты 43 жастағы Ербол Есхожинды билік өкілдерін "қорлағаны" үшін кінәлі деп тауып, оған 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (ақпан айындағы АЕК-пен есептегенде 53 020 теңге немесе 125 доллар) айыппұл салды.

Бір апта бұрын Есхожин дәл осы бап бойынша (Қылмыстық кодекстің 378-бабы -"Билік өкілін қорлау") кінәлі деп танылып, 80 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (ақпан айындағы АЕК-пен есептегенде 212 080 теңге немесе 500 доллар шамасында) айыппұл төлеуге міндеттелген еді.

Қылмыстық іске белсендінің биыл 20 қаңтар мен 3 ақпанда Нұр-Сұлтандағы "Бәйтерек" монументі мен АҚШ елшілігі алдында саяси тұтқындарға бостандық беру талабымен өткен наразылық акциясында полиция қызметкерлеріне "Назарбаевтың күшіктері" деп айтқан сөзі себеп болған.

24 қыркүйекте Есіл аудандық сотының қызметкерлері екі үкім бойынша шыққан айыппұлдарды қосқанда Есхожин 300 мың теңгеге жуық айыппұл төлеуі тиіс, егер бір ай ішінде сот үкімін орындамаса мәжбүрлеп төлету немесе қоғамдық жұмысқа тарту сияқты өзге жазалар қолданылады деді.

Екі үкім де әзірге заңдық күшіне енбеген. Үкіммен келіспеген айыпталушы тарап апелляциялық шағым түсіретінін айтып отыр.

Есхожинге бірінші қылмыстық іс бойынша үкім шыққан кезде қорғау тарабы "Қылмыстық-процестік кодекстің еш нормасы сақталмады", "жәбірленуші полицейлердің айтқан жауаптарында қарама-қайшылықтар бар" деген болатын. Ал құқық қорғаушылар Нұр-Сұлтан сотының Ербол Есхожинге шығарған үкімін – үкіметті сынап жүрген белсенділерді қорқыту амалы деп атаған.

Оқи отырыңыз: "Назарбаевтың күшіктері" дегені үшін 222 мың теңге кесті. Ербол Есхожиннің үкімі

Ербол Есхожин – 2020 жылы 25 ақпанда Нұр-Сұлтан абақтысында жұмбақ жағдайда көз жұмған Дулат Ағаділдің үзеңгілес серіктесі. Ол мамыр айынан бері Дулат Ағаділдің отбасы үшін жұртты жұмылдырып, оның аяқсыз қалған үйін салып беруге бастама көтерген. Тамыз айында Ағаділ асынан кейін Қазақстанның түрлі аймағында шараға қатысқан ондаған белсенді әкімшілік жазаға тартылды.

Есхожин 2019 жылдың мамырынан бері "заңсыз шерулерге қатысты" деген айыппен бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылып, 15 тәулікке қамалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG