Accessibility links

Алексей Навальный толық айыққанға дейін Германияда болады


Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный. Навальныйдың Instagram парақшасынан алынған. 22 қыркүйек 2020 жыл.
Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный. Навальныйдың Instagram парақшасынан алынған. 22 қыркүйек 2020 жыл.

Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный айықтыру курсы аяқталғанға дейін Германияда болады. Оның толық жазылып шығуы үшін бірнеше апта қажет деді Навальныйдың баспасөз хатшысы Кира Ярмыш.

"Алексейдің қалпына келуі үшін әлі көп уақыт керек. Ол толық айыққанға дейін Германияда болады" деді Ярмыш "Навальный.Live" эфирі кезінде.

Жемқорлықпен күрес қорының негізін қалаушы саясаткерді Берлиндегі Шарите клиникасы осы апта ортасында ауруханадан шығарған болатын. Оппозиционер ауруханадан шыққан соң физиотерапия курсынан өтетінін және алдағы уақытта айықтыру орталығының көмегіне тағы жүгінуі мүмкін екенін айтқан.

Германияның қауіпсіздік саласындағы жоғары лауазымды шенеуніктің сөзіне сүйенген The New York Times басылымы осыған дейін Навальный жазылғаннан кейін Ресейге оралып, қызметін жалғастырғысы келеді деп мәлімдеген.

20 тамызда Томскіден Мәскеуге ұшып бара жатқан ұшақта Алексей Навальныйдың жағдайы күрт нашарлап, ұшақ Омбыға қонған болатын. Комаға түскен оппозиционер жергілікті аурухананың реанимация бөліміне жеткізілген. Екі күннен соң туыстары мен жақтастарының талабымен саясаткер Берлиндегі клиникаға эвакуцияланды.

Қыркүйек айының басында Германия билігі Бундесвер зертханасына сілтеме жасай отырып, Навальный ағзасынан "Новичок" тобына жататын у қалдықтары табылды деп мәлімдеген. Британдық тергеу органдарының мәліметінше, Англияның Солсбери қаласында бұрынғы барлаушы Сергей Скрипаль мен оның қызы да 2018 жылы осыған ұқсас умен уланған. Кейінірек Навальныйдың "Новичоктан" уланғанын Франция және Швецияның тәуелсіз зертханалары растады.

9 қыркүйекте неміс баспасөзі Берлин Навальныйдан алынған сынама үлгісін Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымға берді деп хабарлады.

Ал Ресей билігі Омбы мамандары Навальный ағзасынан қауіпті зат тапқан жоқ деп қылмыстық іс қозғауға негіз жоқ деп мәлімдеген.

Бейсенбі күні Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ресей бас прокуратурасы Германия, Франция, Швеция және Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымға ресми сауал жіберді, алайда жауап түспеді деді.

Француздың Le Monde басылымы осы аптада ақпарат көзіне сүйене отырып, 14 қыркүйекте Франция президенті Эммануэль Макрон мен Ресей басшысы Владимир Путин арасындағы телефон әңгіменің жай-жапсары туралы ақпарат таратты. Басылымның жазуынша, Ресей басшысы Навальный уды өзі қабылдауы мүмкін деп есептейтінін айтқан. Ізінше журналистер сұрақтарына жауап берген Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков фактіні растағанмен "басылым ойды дұрыс жеткізбеген" деп атап өтті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG