Accessibility links

Алматыда "митинг орны" деп белгіленген аумақ қоршалды. Маңындағы сауда орындары жабылды


Жұмысшылар "митинг орны" ретінде белгіленген аумақты қоршауға тырысып жатыр. Алматы, 25 қыркүйек 2020 жыл.
Жұмысшылар "митинг орны" ретінде белгіленген аумақты қоршауға тырысып жатыр. Алматы, 25 қыркүйек 2020 жыл.

Алматыда 25 қыркүйекте “митинг өтеді” деген орынға түскі сағат 12-лер шамасында темір шарбақтар әкеліне бастады. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады. "Саяхат" жаққа темір қоршауларды әкелу себебін Азаттық тілшісі сол маңда жүрген полицейлерден сұрап еді ол "Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысынан сұраңыз" деп жауап берді.

Айналадағы дүкен, сауда орындарының бәрі жабылды. Азаттық тілшісі сөйлескен екі саудагер жабу туралы талапты полиция қойғанын айтты.

Бұған дейін "Саяхатқа" жақын орналасқан ірі базар - "Көк базардың" да жабылғаны белгілі болған еді. Tengrinews сайтының жазуынша, базар 25 қыркүйек күндізгі сағат 12-ден бастап алдағы дүйсенбіге дейін жабық болады. Базар әкімшілігі "базардың қауіпсіздігі үшін жабылды" деп түсіндірген.

Кейбір базар саудагерлері сауда орнын жабу туралы талап әкімдіктен келгенін айтты.

Жұма күні тұрғындар қалада полицейлер мен полиция көліктері көбейгенін байқады.

Ал Нұр-Сұлтан қаласында "митинг орны" ретінде белгіленген "Жаннұр" сауда орталығы әзірге жабылмаған. Бірақ сауда орталығы маңында полиция көліктері тұр. Полицейлердің бірі орталық маңында жүрген Азаттық тілшісінің деректерін жазып алып қалған.

Шымкентте жұма күні күндіз полиция "митинг орны" ретінде белгіленген орталық саябақтың бір бөлігін жапқан, аумақта интернет байланысы жоқ.

  • Бұған дейін қуғындағы бизнесмен, Ақорда оппоненті Мұхтар Әблязов жақтастарын 25 қыркүйекте билікке қарсы митингіге шығуға шақырған еді. Митингіде төмендегідей талаптар қойылмақ: заңсыз карантинді тоқтату, саяси тұтқындарды босату, Назарбаев режимін кетіру, несие амнистиясы.
  • Митинг қарсаңында Қазақстанның түрлі аймағында белсенділер жаппай ұсталып, әкімшілік жазаға тартылған. Құқық қорғаушылардың есебінше, соңғы үш күнде жүзден астам белсенді қамалып, айыппұл салынған.
  • Әблязов құрған “Қазақстанның демократиялық қозғалысын” билік “экстремистік ұйым” деп танып, сот шешімімен қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент 2019 жылғы қарарында ҚДТ-ны бейбіт оппозициялық қозғалыс деп атаған.
  • Қазақстан заңнамасы бойынша жиын, шеру өткізгісі келетін тұрғындар жергілікті атқару органына ескерту жасауы немесе одан рұқсат сұрауы тиіс. Әкімдік рұқсат етпеген бейбіт шараға келгендерді әдетте полиция ұстайды. Құқық қорғаушылар бейбіт жиын туралы заңнаманың халықаралық стандартқа сәйкес келмейтінін айтып, өткір сынаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG