Accessibility links

Белсенді Қанат Жақыпов Талдықорғандағы уақытша қамау изоляторына қамалды


Белсенді Қанат Жақыпов.
Белсенді Қанат Жақыпов.

24 қыркүйекте түнгі сағат ондар шамасында Алматы облысы Іле ауданы Ащыбұлақ ауылында 40 жастағы белсенді Қанат Жақыповты полиция ұстап, Талдықорған қаласына әкеткен. Бұл туралы Азаттық тілшісіне белсендінің анасы 66 жастағы Раиля Жақыпова хабарлады.

- Кеше кешкісін он шақты полицей келіп, Қанатты қылмыскер тәрізді ұстап, алып кетті. Оны сол жақта тінтіген. Одан кейін біз тұратын үйге де келіп тінту жасады. Оның телефоны мен смартфонымды ғана қалдырды. Қазір интернеті жоқ ескі телефон ұстап отырмын. Кешкі сағат 17.40-та әкетті, түнгі сағат ондарда ұлым хабарласып, өзін Талдықорғанға әкететінін хабарлады, - деді Жақыпова.

Оның сөзіне қарағанда полицейлер ұлының нақты қайда әкеткенін айтпай отыр.

Азаттық тілшісі Іле ауданы полиция басқармасы, Алматы облысының полиция департаменті мен Талдықорған полиция басқармасына хабарласты. Ақыры Жақыповтың түнгі екі жарымда Талдықорған қаласының уақытша қамау изоляторына жеткізілгені анықталды. Оны "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" (Қылмыстық кодекстің 405-бабы) бабы бойынша күдікті ретінде ұстаған.

Соңғы бірнеше күнде осы бап бойынша бірнеше белсендінің үстінен қылмыстық іс қозғалған.

Тамыз айының соңында Алматы қаласының тергеу соты елде тыйым салынған "Көше партиясына қатысы бар" деген күдікке ілінген белсенділер Абай Бегімбетов пен Асхат Жексебаевты екі айға қамаған. Ізінше 1 қыркүйекте Алматы облысының тұрғыны Қайрат Қылышев те осы бап бойынша ұсталып, қамалды. ​

Құқық қорғаушылар белсенділердің ұсталуын 25 қыркүйек күнгі оппозиция митингісімен де байланыстырады. Оған қуғындағы банкир, Ақорда оппоненті Мұхтар Әблязов шақырған.

Мамыр айында сот "Көше партиясын" елде экстремистік деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысымен бір ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған еді. Қазақстан соты "экстремистік" деп таныған ҚДТ-ны Еуропарламент 2019 жылғы наурыз айындағы қарарында "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. Оның жеткшісі оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов ҚДТ туралы сот шешімінің саяси астары бар деп санайды. "Көше партиясы" мен ҚДТ қызметіне тыйым салу туралы сот шешімдері жарияланбады. Бұл ұйымның жақтастары шешімнің саяси астары бар деп санайды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG