Accessibility links

Науқас саны 3,5 есе аз, өлім саны 2,2 есе көп. Қыркүйектегі Covid дерегі "пневмониямен" салыстырылды


Маска таққан жігіт Алматының орталық көшелерінде. 8 қыркүйек 2020 жыл.
Маска таққан жігіт Алматының орталық көшелерінде. 8 қыркүйек 2020 жыл.

1-25 қыркүйек аралығында ПТР тестімен расталған коронавирус ауруына 1787 адам шалдықса, зертханалық талдаумен расталмаған коронавирус пневмониясына 6499 адам шалдыққан. Осы аралықтан Covid-тен 125 адам, коронавирус пневмониясынан 55 адам қайтыс болған. Яғни Covid дерегін коронавирус пневмониясы дерегімен салыстырса, науқас саны 3,5 есе аз, бірақ өлім саны 2,2 есе көп болып шығады.

Осы аралықта күн сайын орташа есеппен 71 адамнан Covid, 259 адамнан коронавирус пневмониясы анықталып отырды. Covid-тен күн сайын орташа есеппен 5 адам, коронавирус пневмониясынан 2,2 адам қайтыс болған.

Министрлік Covid науқастарының саны 3,5 рет аз болып, өлімінің саны 2,2 есе көп болуының себебі жөнінде мәлімдеме жасамады.

Қазақстан үкіметі вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталмаған коронавирус пневмониясы науқастарының есебін 1 тамыздан бері жүргізіп келеді. Бұл науқастардың диагнозы ауру белгілері бойынша анықталады. 1 тамыздан 25 қыркүйекке дейін 32 223 адамнан коронавирус пневмониясы анықталған. Оның ішінде 26 965 адам жазылған, 347 адам қайтыс болған.

Мамандар арасында коронавирус пневмониясының есебін жүргізу деп кеш басталды деген пікір бар. Қазақстанда жаздың алғашқы екі айында шығу тегі белгісі пневмония қатты өршіп, ауруханалар науқастарды қабылдап үлгере алмай, дәріханаларда тапшылық пайда болды. Жергілікті дәрігерлер пневмония науқастарынан коронавирус белгілері байқалғанын, бірақ ПТР тестінің нәтижесі теріс шығып жатқанын айтып, дабыл қаққан.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 1 қаңтар мен 2 тамыз аралығында 256 мың адам пневмонияға шалдыққан. Бұл – өткен жылғыдан 3,3 есе көп көрсеткіш. Оның 35 мыңы маусымда, 152 мыңы шілдеде ауырған. ДСМ мұның ішінде нешеуі коронавирус пневмониясы екенін айтпады. Министрлік бар болғаны 1-8 шілде аралығында пневмония 56,8 мың адамнан анықталғанын, соның 39,7 мыңында коронавирус белгілері болғанын айтты.

17 шілде күні ДСМ жергілікті медбелсенділердің талабы мен халықаралық қауымдастықтың назарынан кейін коронавирус пневмониясының есебін жүргізе бастап, оны Covid статистикасына қосатынын мәлімдеді. Бір күн бұрын Қырғызстан үкіметі де дәл осындай мәлімдеме жасады. Алайда Қырғызстан коронавирус пневмониясы есебін келесі күннен жүргізе бастап, оны Covid статистикасына бірден қосты. Ал Қазақстан үкіметі есепті 1 тамыздан бастайтынын айтты. Тамыздың басына қарай, коронавирус пневмониясының қарқыны бәсеңдеп, індет ауқымы тарылып қалған болатын.

1 тамызда Қазақстан үкіметі коронавирус пневмониясының есебін жүргізуді бастады, бірақ оны уәде етілгендей коронавирус статистикасына қоспады. Ресми ақпарат бойынша, Қазақстанда барлығы 107 659 адамның коронавирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған. Оның 102 530-ы жазылған, 1719-ы қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG