Accessibility links

Трамп Жоғарғы сот судьялығына үміткерін ұсынды. Оның аты Эми Кони Барретт


Эми Кони Барретт.
Эми Кони Барретт.

АҚШ президенті Дональд Трамп Жоғарғы сот судьялығына консерваторлық көзқарасты ұстанатын 48 жастағы судья Эми Кони Барретті ұсынды. Рәсім Ақ үйдің алдында өтті және оған Баррет пен оның туыстары қатысты.

Егер АҚШ сенаты судья Барретті мақұлдаса, ол 18 қыркүйек күні 87 жасында қайтыс болған Рут Бейдер Гинзбургтің орнын басады.

Трамптың Барретті ұсынуы мүмкін екені бір-екі күн бұрын айтыла бастады. Себебі Барретт кейінгі күндері Трамппен кездесіп, әңгімелескен жалғыз судья еді.

Президент сайлауына түсіп отырған Джо Байдан бастаған демократтар Трамптың Жоғарғы сот судьялығына қандай да бір кандидат ұсынуына қарсы шыққан. Олар кандидатты 3 қарашадағы президент сайлауының жеңімпазы ұсынуы тиіс дейді. Бірақ судьяны бекітетін Сенатта демократтар емес, республикалықтар көпшілік саналады.

Трамп Барретті таныстырған соң, оған сөз берді. Барретт Жоғарғы соттың судьяларына, бір апта бұрын қайтыс болған Рут Бейдер Гинзбургке құрмет көрсетіп, "Американы жақсы көремін, АҚШ конституциясын жақсы көремін" деді де, өзі ұсынылып отырған лауазымның жауапркешілігін түсінетінін мәлімдеді. Осыдан кейін Трамп пен оның жары Мелания Эми Кони Барретті және оның күйеуі мен жеті баласын Ақ үйге шақырды.

Эми Кони Барретт 1972 жылы Жаңа Орлеанда туған. 1990 жылы жергілікті мектепті аяқтап, төрт жылдан кейін колледжді бітіріп шықты. Осыдан кейін ол Нотр-Дам университетінің заң факультетінде білім алып, университеттің құқық жөніндегі журналына жетекшілік етті. Одан кейінгі жылдары Колумбия округы апелляциялық соты судьясының көмекшісі, Жоғарғы сот судьясының көмекшісі болып жұмыс істеді. Кандидат заң фирмасында да жұмыс істеп үлгерген. 2002 жылы ол Нотр-Дам университетінің заң факультетінде сабақ бере бастады, ал 2010 жылы құқық профессоры атанды. Күйеуі Джесси М. Барретт Индиана штаты солтүстік округі прокурорының көмекшісі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG