Accessibility links

Covid пен пневмония. Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың ресми саны 140 мың жетті


Маска таққан ер кісі банк алдында кезегін күтіп отыр. Алматы, 11 қыркүйек 2020 жыл.
Маска таққан ер кісі банк алдында кезегін күтіп отыр. Алматы, 11 қыркүйек 2020 жыл.

26 қыркүйек күні Қазақстанда Covid және коронавирус пневмониясы науқастарының ресми саны 140 мыңға жетті. Covid науқастары бір күнде 64 адамға артып, жалпы саны 107 723 болды. Ал коронавирус пневмониясы науқастары тәулік ішінде 229 науқасқа артып, 32 452-ға жетті.

Қазақстан ПТР тестімен расталмаған коронавирус пневмониясының дерегін ПТР тестімен расталған Covid дерегі секілді 13 наурыздан емес, 1 тамыздан бастап жүргізіп келеді. Ресми статистика 1 тамызға дейінгі коронавирус пневмониясының дерегін есепке алмады.

Жыл басынан 2 тамызға дейін 256 мыңнан астам адам пневмонияға шалдыққан. Бұл ­өткен жылғыдан 3,3 есе жоғары көрсеткіш. Министрлік мұның қаншасы бактериялық, қаншасы вирустық екенін айтпады. Белгілісі, 1-8 шілде аралығында 56,8 мың адамнан пневмония анықталса, соның 39,7 мыңында коронавирус белгілері байқалған. Бірақ оның ешқайсысы Covid жөніндегі ұлттық статистикада көрсетілмеді.

Үкімет 1 тамыздан кейін коронавирус пневмониясы есебін жүргізе бастағанмен, оның дерегін коронавирус жөніндегі ұлттық статистикаға қоспай отыр. Коронавирустың әлем елдері бойынша тарауын бақылап отырған ұйымдар мен басылымдар Қазақстанның ресми ақпаратына сүйеніп, тек ПТР тестімен расталғандар науқастар санын ғана көрсетіп отыр. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы екі деректі қосып көрсетеді.

Статистиканы екі түрлі көрсеткеннен, Джонс Хопкинс университеті дерек базасында Қазақстан 107 723 науқаспен 36-орында тұрса, ДДСҰ дерек базасында 139 581 (кейінгі күннің дерегі әлі қосылмаған – ред.) науқаспен 28-орында тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG