Қазақстан сыртқы істер министрлігі 27 қыркүйекте Таулы Қарабақта болған армян-азербайжан қақтығысының ушығуына байланысты алаңдаушылық білдірді.
"Бізге достас Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасын жағдайды тұрақтандыру үшін барлық шараларды қабылдауға, күш құралдарын пайдаланудан бас тартуға және мәселені келіссөздер арқылы шешуге шақырамыз" делінген СІМ баспасөз хабарламасында.
Халықаралық ұйымдардың алаңдарында жанжалды шешудің бейбіт жолдарын іздеуге көмектесуге дайынбыз. АӨСШК қазіргі төрағасы ретінде кеңестің сенім шаралары пакетін пайдалануды ұсынамыз.
Министрлік екі ел арасындағы шиеленісті бейбіт жолмен шешуге көмектесуге дайындығын білдіріп, Азиядағы өзара ықпалдастық жəне сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) "төрағасы ретінде кеңестің сенім шараларын пакетін пайдалануды" ұсынды.
Өзін республика деп жариялаған Таулы Қарабақ президентінің баспасөз хатшысы Ваграм Погосян жексенбі күні қақтығыс болған аймақта Әзербайжан тарабының оқ атуынан екі адам қаза тапты, ондаған бейбіт тұрғын жарақат алды деп мәлімдеді.
Әзербайжан бас прокуратурасы бейбіт тұрғындар арасында да, әскерилер арасында да қайтыс болғандар бар деп хабарлады, бірақ санын нақтыламады.
Мұның алдында бүгін Армения мен Таулы Қарабақ әскери жағдай жағдай енгізіп, жаппай мобилизация жариялады. Түркия армян-әзербайжан қақтығысында Әзербайжанды қолдайтынын білдірді. Ресей СІМ және Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымы тараптарды оқ атуды тоқтатып, келіссөз бастауға шақырды.
Жексенбі таңертең Армения премьер-министрі Никол Пашинян Әзербайжан қарулы күштері Таулы Қарабақ бағытында шабуыл жасады деп мәлімдеді. Армения қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Шушан Степанян қақтығыс кезінде Әзербайжан әуе күштерінің екі тікұшағы, үш әскери дроны жойылғанын айтты. Министрлік Әзербайжандікі деген үш танктің жойылғанын бейнелейтін видео жариялады.
Әзербайжан қорғаныс министрлігі Армения күштерінің Әзербайжан әскерінің позициясы мен елді мекендерге қарай оқ жаудырғанын, қаза тапқандар мен жарақат алғандардың барын айтты. "Армения әскери күштерінің әрекетіне тойтарыс беріліп жатыр" делінген Әзербайжан қорғаныс министрлігінің баспасөз хабарламасында. Бұл туралы ТАСС агенттігі хабарлады.
Таулы Қарабақ омбудсмені аймақ халқын сабыр сақтап, сақ болуға шақырды.
Армения мен Әзербайжан ортасындағы Таулы Қарабақ даулы аймақ саналады. Екі ел ұзақ жылдан бері осы өңір үшін дауласып келеді. 1990 жылдары аймақта ауқымды қарулы қақтығыс болып, 30 мың адам қаза тапқан. 1994 жылы екі ел атысты тоқтату туралы келісім жасады. Бірақ арасында осындай қақтығыстар жиі болып тұрады.
ПІКІРЛЕР