Accessibility links

БҰҰ бас хатшысы Таулы Қарабақта қақтығысты тоқтатуға шақырды


БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш.
БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Таулы Қарабақтағы қақтығысқа қатысы бар тараптарды "әскери әрекетті жедел тоқтатып" келіссөз өткізуге шақырды. БҰҰ бас хатшысының өкілі таратқан хабарламада Гутерриштің Армения және Әзербайжан басшыларымен телефон арқылы әңгімелесетіні жазылған.

Арменияның ресми түрде қақтығысқа қатысы жоқ, алайда Ереван өзін республика деп жариялаған, Әзербайжаннан тәуелсізбін деп есептейтін Таулы Қарабақты ашық қолдайды.

Әзербайжан әскерінің шабуылы жексенбі күні таңертең басталды. Әзербайжан әскери басшылығы мұны "контр шабуыл" деп атады. Олардың сөзінше, алдымен Армения әскери күштері оқ жаудырған. Майданнан қайшылыққа толы хабар тарап жатыр, екі тарапта өзін қарсыласының көбірек зардап шеккенін мәлімдеп жатыр.

Өзін республика деп жариялаған Таулы Қарабақ басшысы Араик Арутюнян жексенбі күні армян жағында ондаған адам қаза тауып, жарақаттанды деп хабарлады. Армения қорғаныс министрлігі Әзербайжан жақта 200-ге жуық адам қаза болды деп мәлімдеді. Әзербайжан жағы адам шығыны жайлы айтпады.

Арутюнян Түркияны қақтығысқа араласты деп айыптады. Оның сөзіне қарағанда әзербайжан күштері түріктің ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарын пайдаланған.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған бұған дейін Әзербайжанды қолдайтынын білдіргенмен, Анкараның қақтығысқа араласу ниеті жайлы айтпаған.

БҰҰ бас хатшысынан бөлек, конфликтіні реттеу жөніндегі Минск тобына кіретін Франция, Ресей және АҚШ атысты тоқтатуға шақырған. АҚШ мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары Стивен Биган Әзербайжан және Армения сыртқы істер министрлерімен телефон арқылы сөйлескен кезде АҚШ-тың осы ұстанымын жеткізген.

Таулы Қарабақ төңірегінде дау Совет Одағы кезінен басталған. Ол кезде Таулы Қарабақ Әзербайжан ССР-і құрамына кірген, бірақ тұрғындарының көбі армян болған. 1988-1994 жылдары аралығында болған соғыс кезінде 30 мың адам қаза тауып, жүздеген мың адам босқынға айналған. Арменя әскерінің қолдауына ие болған сепаратистер Таулы Қарабақтың басым бөлігін және Әзербайжанға тиесілі кей аудандарды өз бақылауына алды. Әзербайжан бұл аймақ оккупацияланған деп санайды. 1994 жылы екі ел арасында атысты тоқтату және конфликтіні бейбіт жолмен реттеу жөнінде келісім жасалды. Бірақ бұл келісім шиеленісті шешкен жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG