Accessibility links

Der Spiegel: Меркель Берлин клиникасына жасырын барып, Навальныйдың халін сұраған


 Ангела Меркель.
Ангела Меркель.

Германия канцлері Ангела Меркель ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный Берлиндегі Charité клиникасында емделіп жатқан кезде емханаға жасырын барып, саясаткердің халін сұраған. Бұл жайлы құпия дереккөзге сүйенген немістің Der Spiegel басылымы хабарлады.

"Канцлердің оппозициялық саясаткердің халін сұрап, оған өзі барғаны Берлин айтқанынан қайтпай, саясаткердің улануына байланысты шындықты іздеп табады деген ниетінен хабар берсе керек" деп жазды басылым.

Алексей Навальный қазір Германияда айықтыру курсынан өтіп жатыр. Саясаткерді өткен аптада Берлин клиникасынан шығарған еді. Ол жақта Навальный 32 күн жатты, 24 күнін реанимацияда өткізген.

20 тамызда Томскіден Мәскеуге ұшып бара жатқан жолда ұшақта саясаткердің жағдайы күрт нашарлап, ұшақ Омбыға қонған болатын. Бастапқыда Навальный Омбы ауруханасына жатқызылды. Екі күннен соң туыстары мен жақтастарының талабымен Берлин клиникасына ауыстырылды.

2 қыркүйекте Германия үкімінің ресми өкілі Штеффен Зайберт зертхана мамандарының қорытындысына сүйене отырып, Навальныйдың ағзасынан "Новичок" тобына жататын у қалдықтары табылды деп мәлімдеген. Германия канцлері Ангела Меркель Ресейден оқиғаны түсіндіруді талап етті. Франция мен Швецияның тәуелсіз зертханалары да бундесвер зертханасының қорытындысын растап, Навальныйдың "Новичок" тобына жататын удан уланғанын айтты.

Ресей билігі оппозициялық саясаткердің улануына еш қатысы жоғын айтады.

Алексей Навальный толық жазылғанға дейін Германияда болады, одан кейін Ресейге оралуды жоспарлап отыр.

Оқи отырыңыз: Навальныйдың толық жазылуына бір жыл қажет

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG