Accessibility links

Қарағандыда синтетикалық есірткі тасымалдаған адам 11 жылға бас бостандығынан айырылды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

28 қыркүйекте Қарағанды соты "ірі көлемде психотроп затты сатып алып, таратты" деп айыпталған 25 жастағы тұрғын Роман Фроловты 11 жылға бас бостандығынан айырды. Сот бұған қоса оның психотропты заттарға тәуелділігін ескере отырып, есірткіден мәжбүрлі түрде емдеуді міндеттеді. Айыптау тарабының мәліметінше, тінту кезінде күдіктіден мефедрон партиясы, пирролидиновалерофенон (PVP) және "экстаз" таблеткалары тәркіленген.

Бұрын сотталмаған ер адам процесс кезінде тағылған айыптарды мойындап, басынан кешкен жайттарды баяндап берді. Кішкентай баласы бар екенін айтып, қатаң жазаламауды өтінді. Өзінің түсіндіруінше "ақша жетпегендіктен" және "ақымақтықтың кесірінен" есірткімен айналысқан. Сот үкімі оқылғаннан кейін сотталушы судьядан "мерзімнен ерте босату туралы өтініш берем алам ба" деп сұрады. Судья оған өтініш түсіруге құқығы бар екенін айтты.

Айыптау тарабының мәліметінше (сотта мұны Фролов та мойындады), Фролов жасырын жұмыс істеген интернет-дүкенде есірткі тасымалдаумен айналысқан. Кейінірек өзі де сайт ашып, есірткі сатып алатын клиенттер іздеген. Биыл ақпан айында қылмысы үстінде қолға түскен. 25 ақпаннан бері қамауда болған. Сот онлайн өтті.

Қазақстанның бірқатар аймақтарында синтетикалық есірткінің тарау мәселесі ушығып тұр. Ол туралы жарнамалар ғимарат, қоршау, тротуарларда ашықтан-ашық пайда болып жатыр. Билік синтетикалық есірткіні таратқандарға жазаны күшейтетінін айтқанмен оларды әлеуметтік желі, сайттар, мессенжерлерде жарнамалау тыйылмады.

Статистикаға жүгінсек, Қазақстан бойынша стимуляторлар мен синтетикалық есірткі пайдаланатындар саны екі есеге (100 мың адамға шаққанда 0,8-ден – 1,7-ге дейін) көбейген. Кейбір сарапшылар есірткімен күрес шараларының тиімсіз екенін айтады. Олардың пікірінше, мәселенің салдарымен емес, түбірімен күресу қажет яғни, есірткі пайдалануға мәжбүрлейтін факторларды анықтап, жою қажет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG