Accessibility links

Польша "ДАИШ-қа қатысы бар" бес тәжікті еліне депортациялады


Полиция қызметкерлері. Польша. Көрнекі сурет.

Польша экстремистік ДАИШ тобына (өздерін "Ислам мемлекеті" деп атайтын экстремистік топтың араб тіліндегі атауының қысқартылған нұсқасы - ред.) қатысы бар және поляктар мен украиналықтарды сол ұйымға тартты деп күдікке ілінген бес тәжік азаматын Тәжікстанға депортациялады. Бұл туралы Radio Poland хабарлады.

Мамыр айында Польшада төрт тәжік азаматы ұсталған еді. Бесіншісі 2019 жылы желтоқсан айында Польшадан қашып кетпек болған кезде терроризммен күрес қызметінің халықаралық қауымдастықпен әріптестігі арқасында ұсталған.

Польша ішкі қауіпсіздік агенттігінің мәліметінше, соңғы айтылған адам Сирияға барып, "жихадқа қатыспақ болған" және "Әл-Қаида" террористік ұйымымен байланыс орнатқысы келген.

Тәжікстанға жеткізілген бес адамның Польша мен Шенген аймағындағы елдерге баруына тыйым салынған.

Биыл сәуір айында Германияда полиция "теракт әзірледі" деп күдікке ілінген төрт тәжік азаматын ұстаған. Тергеу органдарының мәліметінше, ұсталғандар 2019 жылы қаңтар айында "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымына мүше болып кірген. Олар Сирия және өзге елдердегі террористік ұйым жетекшілерімен байланыста болған деп айтылады. Тергеу органдарының мәліметінше, олар әуелі Тәжікстанда жергілікті үкіметпен күреспекші болған, кейінірек ойынан айнып, Германияға барып, бірнеше теракт жасауды жоспарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG