Accessibility links

Мәскеуде коронавирусқа байланысты оқушыларды екі апта демалысқа жібереді


Спортзалды залалсыздандырып жүрген мамандар. Мәскеу, қыркүйек айы 2020 жыл.
Спортзалды залалсыздандырып жүрген мамандар. Мәскеу, қыркүйек айы 2020 жыл.

Мәскеу мэрі Сергей Собянин коронавирус жұқтырғандардың артуына байланысты мектеп оқушыларын екі апта демалысқа жіберетінін хабарлады. 5-18 қазанда оқушылар оқымайды. Қала мэрінің ресми сайтында осыған байланысты ақпарат жарияланды. Әдетте Ресей мектептерінде күз айындағы демалыс бір аптаға созылады.

"Санитар дәрігерлердің ұсынысымен күзде тұмау-сырқаулар мен Covid-ке шалдыққандардың көбеюіне байланысты күз кезіндегі демалыс уақытын екі аптаға созу туралы шешім қабылдадым" делінген Собянин мәлімдемесінде.

Бұл уақыт аралығында қашықтан оқу болмайды. Қосымша білім беру мекемелерінің жұмысы да екі аптаға тоқтатылады. Балабақшалар әдеттегі режим бойынша жұмыс істей береді.

Ресейде мектеп оқушылары 1 қыркүйектен бастап дәстүрлі форматпен оқи бастаған еді, алайда кейінірек кейбір аймақ билігі эпидемиологиялық ахуалға байланысты оқушыларды қашықтан оқуға көшірген.

25 қыркүйекте Мәскеу билігі 65 жастан асқандар мен созылмалы аурумен ауыратындар және аяғы ауыр әйелдерге үйден шықпауға кеңес берген. Қала мэрі үйден шыққан зейнеткерлерге айыппұл салмауға да уәде берген. Ірі кәсіпорын қызметкерлеріне қашықтан істеуге кеңес берілді. Мәскеуде дүкендер мен қоғамдық көлікте адамдар маска тағып жүруге міндетті.

"Открытые медиа" сайтының жазуынша, коронавирус инфекциясын жұқтырғандар санының көбеюіне байланысты Ресей билігі карантин шараларын енгізу мәселесін талқылап жатыр. Егер бір күнде анықталған науқастар саны 10 мыңнан асса және жаңа науқастар саны жазылғандардан көп болса, карантин енгізіледі.

28 қыркүйекте Ресейде бір күнде 8135 адамнан коронавирус табылған. Маусым айынан бері бір күнде осынша көп науқас анықталмаған. Бір күнде 61 адам коронавирустан қайтыс болған. Індет басталғалы бері 20 385 адам көз жұмған. Вирус жұқтырғандардың жалпы саны 1,2 млн-нан асқан. Ресей коронавирус ауруына шалдыққандар саны жағынан әлемде АҚШ, Үндістан, Бразилиядан кейін төртінші орында тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG