Accessibility links

"Қарттар үйіндегі" жалақы дауы: Жұмысшылар басшылықты сотқа беретінін айтып отыр


"Шапағат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмысшылары мекеме алдында жиналып тұр. Нұр-Сұлтан, 29 қыркүйек 2020 жыл.
"Шапағат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмысшылары мекеме алдында жиналып тұр. Нұр-Сұлтан, 29 қыркүйек 2020 жыл.

Нұр-Сұлтандағы «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының санитарлары басшылық кезекті еңбек демалысына берілген ақшаны кері қайтаруды талап етіп отыр деп шағымданды. Олар мекеме директорының «орталық компьютерде ақау болып артық ақша аударылған» деген уәжімен келіспей, сотқа арызданатындарын айтады.

Халық арасында «қарттар үйі» деген атпен белгілі мекеменің он шақты санитары 29 қыркүйекте таңертең ғимарат алдына жиналды. Он жылдан астам еңбек өтілі бар санитарлардың сөзінше, биыл ақпан, наурыз айларында кезекті еңбек демалысына шыққан кезде оларға 120-160 мың теңгеден ақы төленген. Енді орталық олардың әрқайсынан 50 мың теңгесін кері қайтаруды талап етіп отыр.

- Алты айдан кейін бізге «сендер қарызсыңдар, қайтарыңдар» дейді бас есепші. «Алты айдан бері қайда қарап отырдыңыз» дегеніміз үшін сөз естідік. Мен мысалы 50 мың теңгені қайтара алмаймын. Екінші топтағы мүгедек күйеуім бар, өзім жалғыз жұмыс істеймін,- дейді санитар Меруерт Баймолдинова.

Өзге санитарлар да оның сөзін қостап, Еңбек кодексін толық оқып шыққандарын, ақшаны қайтармайтындарын, сотқа шағымданатындарын айтады.

«Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Рысты Баймағамбетова қызметкерлердің жағдайын жақсы түсінетінін айтады. Алайда заң бойынша жұмысшылар ақшаны қайтаруы тиіс деп санайды.

- Ол қарызды өзіміз анықтадық. Бірақ заңның аты заң. Оларға ақша сендерде қала берсін дей алмаймыз, - дейді.

Директордың есебінше әзірге 31 қызметкердің мекемеге бір миллион теңгеге жуық ақша қарыз екені анықталған. Ішкі тексеріс аяқталған соң толық сомасы белгілі болады.

«Шарапат» орталығында жалақы дауы биыл сәуір айында да туындаған. Ол кезде карантинге байланысты ұзақ уақыт мекемеден шықпай жұмыс істеген санитарлар "директор үстемақы төлеуге уәде бергенмен кейінірек бекітілген нормативті сылтауратып, бас тартты" деп шағымданған еді. Ол жолы мекеме директоры карантинді көлденең тартып, сөйлесуден бас тартқан болатын. Оның орнына жауап берген Нұр-Сұлтан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қамтамасыз ету басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина «карантин аяқталған соң бәрі шешіледі» деген еді.

Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігіне қарайтын «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жалпы 246 адам еңбек етеді. Онда қазір 500-ге тарта адам тұрып жатыр.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG