Accessibility links

Денсаулық сақтау министрінің экс-орынбасары "пара алды" деген күдікпен ұсталды


Дәрі-дәрмектерді экспертизасы ұлттық орталығының бас директоры, бұрын денсаулық сақтау министрінің орынбасары болған Ерік Байжүнісов "бірнеше рет пара алды" деген күдікпен үйқамаққа алынды. Бұл ақпаратты Азаттыққа Антикоррупция қызметі растады.

Ведомствоның мәліметінше, үйқамаққа алынған күдіктіге электронды бақылау құрылғысы (браслет) тағылған.

Жемқорлықпен күрес қызметі тергеу құпиялығына сілтеп, басқа ақпарат беруден бас тартты.

Байжүнісов ұлттық орталықты биыл тамыздан бастап басқарып келген. 2010-2014 жылдары денсаулық сақтау министрінің орынбасары болды. Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасының бастығы, Республикалық денсаулық сақтау саласын дамыту орталығының бас директоры болған. Ұлттық орталыққа келгенге дейін ол Әлеуметтік медсақтандыру қорының атқарушы директор қызметін атқарған еді.

Бұған дейін, 2 тамызда денсаулық сақтау министрінің орынбасары Олжас Әбішов "бюджет қаржысын жымқырды" деген күдікпен ұсталған.

14 тамызда дәрі-дәрмек сатылымына жауап беретін "СК-Фармация" компаниясының экс-жетекшісі Берік Шәріп қамауға алынған. Ол елдегі төтенше жағдай кезінде медициналық бұйымдарды сатып алғанда "қызметін асыра пайдаланды" деген күдікке ілінген.

Бұған дейін Антикоррупция қызметінің басшысы Әлібек Шпекбаев екі министрліктің шенеунігіне "цифровизация" бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген еді. Ол істің жай-жапсарын ашып айтпаған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 10 шілдедегі үкімет отырысында елдегі коронавирус эпидемиясы кезінде барлық әкім мен министрдің жұмысын сынап, Әлеуметтік медсақтандыру және "СК-Фармация" басшыларын қызметтен алуды тапсырған. Сол күні Тоқаев денсаулық сақтау министрін ауыстырып, Елжан Біртановтың орнына Алексей Цойды тағайындады. Біртанов оставкасынан кейін жаңа қызметке тағайындалмай, жұрт көзінен таса болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG