Accessibility links

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Таулы Қарабақта қақтығысты тез арада тоқтатуға шақырды


Таулы Қарабақтағы қақтығыс. 28 қыркүйек 2020 жыл.
Таулы Қарабақтағы қақтығыс. 28 қыркүйек 2020 жыл.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі армян және әзербайжан күштерін "қақтығысты тез арада тоқтатуға" шақырды. 29 қыркүйекте БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі Таулы Қарабақтағы жағдайды талқылап, кеңестің 15 мүшесі ортақ мәлімдеме қабылдаған.

Кеңес мүшелері БҰҰ бас хатшысы Антонио Гутерриштің тараптарды жағдайды ушықтырмай, келіссөз үстеліне отыру туралы үндеуіне де қолдау білдірді. Қауіпсіздік кеңесі "Таулы Қарабақтың қақтығыс аймағындағы ірі әскери қимылдарға алаңдаушылық білдіріп", күш қолдануды өткір сынаған.

Таулы Қарабақ аймағында армян және әзербайжан күштері арасында қақтығыстың жалғасып жатқанына үш күн болды. Армения мен Әзербайжан арасында ірі соғыс тұтану қаупі және оған аймақтағы державалар Ресей мен Түркияның араласу ықтималдығы артқан шақта БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мәлімдемесі таратылып отыр.

Сейсенбі күні Армения түріктің F-16 истребителі армянның әскери ұшағын атып түсірді деп мәлімдеді. Ал Анкара мен Баку мұны жоққа шығарды. Тараптар қақтығыс алаңына тікұшақ, дрон, танкілер мен артиллерия шығарған. Сарапшылардың бағалауынша, бұл соңғы төрт жыл ішінде Оңтүстік Кавказда болып отырған ең ірі қақтығыс. Мұнай-газды халықаралық нарыққа шығаратын дәліз саналатын Оңтүстік Кавказдағы тұрақтылық мәселесіне мамандар алаңдайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG