Accessibility links

Ұлыбритания және Канада Александр Лукашенкоға санкция салды


Александр Лукашенко.
Александр Лукашенко.

Ұлыбритания және Канада Александр Лукашенко, ұлы Виктор мен бірқатар беларусь шенеуніктеріне санкция салғанын мәлімдеді. Шектеу шарасы олардың Ұлыбритания мен Канадаға баруына тыйым салып, қаржылық есепшоттарын бұғаттауды қарастырады.

Канада мен Ұлыбритания Беларусь үкіметінің 9 тамызда өткен президент сайлауының қорытындысын бұрмалап, бейбіт шеруге шыққандарға күш қолданғаны үшін санкция салып отыр.

Лукашенко мен ұлынан бөлек, санкция тізіміне президент әкімшілігінің жетекшісі Игорь Сергеенко, ішкі істер министрі Юрий Караев, оның орынбасары Александр Барсуков, Юрий Назаренко, ішкі істер министрлігінің ішкі әскер басқармасы жетекшісінің орынбасары Хазалбек Атабеков және Минскідегі арнайы жасаққа жауапты Дмитрий Балаба енген.

Беларусь орталық сайлау комиссиясы президент сайлауында Александр Лукашенко жеңді деп мәлімдегеннен кейін тұтанған наразылық акциялары кезінде 12 мыңнан астам адам ұсталған. Наразылар сайлаудың әділ өтпегенін, оппозиция жетекшісі Светлана Тихановскаяның сайлауда жеңгенін айтады. Тихановская өзге де оппозиция жетекшілері мен белсенділер тәрізді биліктің қысымымен Беларусьтен кетуге мәжбүр болған. Лукашенко сайлау қорытындысы бұрмаланды деген тұжырымды жоққа шығарады.

Ұлыбритания сыртқы істер министрі Доминик Рааб Reuters агенттігіне берген сұхбатында Лукашенко дауыс ұрлағаны үшін және адам құқығын бұзғаны үшін жауап беруі тиіс деген.

Канада сыртқы істер министрі Франсуа-Филипп Шампан "Канада Беларусь үкіметінің адам құқығын жүйелі түрде бұзып, мәселені оппозициямен бірігіп шешуге күш салмай отырғанына құр босқа қарап отыра алмайды" деген.

Ұлыбритания, Еуроодақ, АҚШ және бірқатар батыс елдері бұған дейін Лукашенконы Беларусьтің заңды президенті деп танымайтынын мәлімдеген.

Еуроодақ әзірге санкция салатын беларусь шенеуніктерінің тізімін ғана әзірлеген. Балтық елдері Еуроодақты күтпей өз бетімен Лукашенко мен бірқатар шенеуніктерге санкция салған. Өткен аптада АҚШ та ресми Минскіге санкция салу жоспары жайлы айтқан.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG