Accessibility links

Шымкентте пәтерлерді залалсыздандырып, үш баланың өліміне себепші болған тұрғын сотталды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

1 қазанда Шымкенттің Еңбекші аудандық соты арнайы білімі мен рұқсаты болмаса да пәтерлерді заңсыз жәндіктерден залалсыздандырып, үш баланың өліміне себепші болды деп айыпталған 42 жастағы қала тұрғыны Батыр Жәнібековті 5 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Азаттыққа аудандық соттың судьясы Қайрат Ізбасаров хабарлады. Айыпталушы тағылған айыпты ішінара мойындады.

Тергеу органдарының мәліметіне сәйкес, Жәнібеков 2019 жылы 3 қарашада Шымкент қаласы Алдияров көшесіндегі көпқабатты үйдің біріндегі пәтерге залалсыздандыру жұмысын жүргізген. Соның кесірінен көрші пәтерде тұратын 4 және 2 жасар бала уланып өлген. Олардың анасы мен 1 жасар інісі уланып, денсаулығына зиян тиген. Бұған қоса, 2020 жылы ақпан айында Теріскей шағын ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінің пәтерін жәндіктерден залалсыздандырған. Соның әсерінен бір жасқа толмаған нәресте қайтыс болған. Тағы үш адам уланған. Сотта айыпталушы кінәсін ішінара мойындады.

Сотта айыпталушының жалғыз жұмыс істегені, қолдануға болмайтын химиялық заттарды пайдаланғаны айтылды. Оны дәлелдеу үшін арнайы сараптамалар жүргізілген.

- Сот Жәнібековті Қылмыстық кодекстің 304-бабымен кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырды. 3 жылға дейін залалсыздандыру жұмысымен айналысуға тыйым салды. Екі жәбірленушінің бірі айыпталушыға кешірім берді. Екі баласынан айырылған екінші жәбірленушіге 5 миллион теңге көлемінде моральдық шығын өндіріп беру туралы үкім етті, - дейді судья Ізбасаров.

Жәбірленушілер өздерін фото-видеоға түсіруге қарсы болып, пікір беруден бас тартты. Іс сотта үш ай қаралды.

Айыпталушы бұрын бөлек іс бойынша сотталған. Кәмелет жасқа толмаған балалары бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG