Accessibility links

Таразда жер үй өртеніп, екі сәби қаза болды


Өрт шыққан жер үй. Жамбыл облыстық полиция департаменті таратқан видеодан алынған скриншот.

1 қазанда Қазақстанның оңтүстігіндегі Тараз қаласында жер үйден өрт шығып, 2-3 жасар екі сәби қаза болған. Төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметі осылай деп хабарлады. Полицияның мәліметінше, балалардың әкесі - жұмыста, шешесі ауруханаға кеткен кезде үй өртенген.

Ақпарат бойынша, бейсенбі күні таңертеңгі сағат 10-ға таман Тараз қаласының өрт сөндіру қызметіне Ақмола көшесіндегі жер үйден өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Өрт сөндірушілер келгенде үйдің ішіндегі заттар, төсектер жанып жатқан, өрт аумағы 4 шаршы метр болған.

Оқиға орнын тексерген полицейлер үйден 2-3 жасар екі сәбидің денесін тапқан. Әзірге толық емес ақпарат бойынша, олар газдан иіс тиіп, уланған болуы мүмкін, мәйіттердің жанынан бірнеше сіріңке қорабы табылған.

Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, екі сәбидің әкесі бұл уақытта жұмыста болса, анасы ауруханаға емделуге кеткен. Қылмыстық кодекстің 292-бап 3-тармағы ("Екі және одан да көп адамның өліміне апарған өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу") бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, сараптамалар тағайындалған.

Жамбыл облысы әкімдігі аппарат басшысының орынбасары Қанат Құлшыманов Facebook парақшасында оқиға орнына облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев пен Тараз әкімі Айтқазы Қарабалаевтың барғанын жазды. Ерлі-зайыптыға психологиялық қолдау және жерлеу рәсімін өткізуден көмек көрсетіледі.

Биыл осыған ұқсас қайғылы оқиғалар жиі болған. Наурыз айында Алматы облысында жер үй өртеніп, үш сәби қаза болған. Оның алдында Алматы облысы Өстемір ауылында жер үйде шыққан өрттен екі бала өлген.

  • 16x9 Image

    Ақсәуле ӘБІТАЙ

    Ақсәуле Әбітай - Азаттықтың Жамбыл облысындағы тілшісі. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG