Accessibility links

"Бір жанұяның бес адамы опат болды". Қарабақтағы қақтығыстың бейбіт тұрғындарға тигізген зардабы


Армения-Әзербайжан қақтығысынан бейбіт халық зардап шегіп жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:32 0:00

Таулы Қарабақтағы Мартуни ауылының тұрғыны Александр Мелкумян өз үйінің маңындағы қан тамған жерде тұр. Этникалық армяндар тұратын бұл ауыл 27 қыркүйек күні артиллериялық снарядтардың сынығынан зардап шекті.

Александр Мелкумян үйінің маңындағы қан тамған жерді көрсетіп тұр.
Александр Мелкумян үйінің маңындағы қан тамған жерді көрсетіп тұр.

Александр көрсеткен жердің жанында қызғылт көйлекті қуыршақ жатыр. Бұл ойыншықты көршісінің қызы снаряд сынығы құлаған сәтте қалдырып кеткен.

Мелкумян шошқаларын жем беруге шығып кеткен кезде снаряд сынығы құлаған.

"Сол күні таңертең бомбалады. Осы жерде енем, әйелім, бір жасар балам және жеті айлық балам болды" деді ол қан тамған жерді көрсетіп.

"Көршімнің жеті жастағы баласы, менің енем қайтыс болды. Әйелім жараланып, Степанакерттегі ауруханаға әкетті" дейді Мелкумян.

Осы ауылда тағы екі әйел жараланып, Таулы Қарабақтың орталығы саналатын Степанакерттегі аурухана жеткізілген.

"Қараңыз, аяқ-киімдері әлі жатыр. Әйелім жараланып осы жерде жатты. Кіші балам да, көрші екі әйел де осы жерде жатты. Енем мен жеті жасар бала осы жерде жан тапсырды. Снаряд сынықтары үйіміз бен сарайымызды қиратты. Сол күні таңым осылай басталды" деді ол көзіне жас алып.

Мелкумян жараланған әйелі су сұрағанын айтады.

"Су әкелуге жүгіргенімде тағы бір снарядтың сынығы құлады. Төрт рет құлады. Жараланған әйеліме су әкеле алмады. Кішкентай балам жылап жатты. Снаряд құласа өзім жараланайын, балам аман болсын деп оны денеммен қалқаладым" дейді ол.

ЖЫЛУ ҚАЗАНДЫҒЫНСЫЗ ҚАЛҒАН АУЫЛ

Мартуни ауылы снарядтан зардап шегіп жатқан тұста Тертер ауданындағы Әзербайжанның бақылауындағы бірнеше ауыл да этникалық армяндардың әскерінің шабуылына ұшырады.

Тертердің негізгі бөлігі 1994 жылға дейін сепаратист этникалық армяндардың бақылауында болған. Кейін Әзербайжан мен де-фактор Таулы Қарабақ билігінің келісімінен кейін Тертер буфер зонаға айналды.

Тертер ауданындағы Әзербайжан бақылауындағы бірнеше ауылдың біраз халқы Таулы Қарабақта жанжал қайта басталған тұста, 27 қыркүйекте, эвакуацияланды.

Тертерде бүлінген үй.
Тертерде бүлінген үй.

28 қыркүйекте армян күштерінің снарядтары Шихарх ауылына құлады. Әзербайжан билігінің хабарлауынша, ауылдағы көпқабатты үйді атқылаудан екі адам қайтыс болған. Артиллерия снаряды осы ауылды жылумен қамтамасыз етіп отырған қазандықты да бүлдірген.

Жергілікті тұрғын Хижран Амрахов қақтығыс аяқталып, жағдай реттелсе де қазандықтың бүлінуі Шихрах тұрғындарын келе жатқан қыста үлкен әуреге салады деп уайымдайды.

"Бұл қазандық ауылды жылумен, ыстық сумен қамтамасыз етіп келген еді. Қараңыз, есігі, су құятын цистерна бүлінді. Олар біздің әскерилерге шамасы жетпеген соң бейбіт тұрғындарды өлтіріп, ауылды адам тұрғысыз етіп бүлдіріп жатыр" деді ол.

Әзербайжанның бақылауындағы Гашалты ауылы да армян әскерилерінің атқылауына ұшырады. Ауылда тұратын Элбрус Гурбанов пен оның отбасындағы төрт адам опат болды.

Азаттықтың Әзербайжан қызметінің тілшісі қарт әйел қатар жатқан бес марқұмның мәйітін көріп, тізерлей жылағанын көрген.

БІР-БІРІН АЙЫПТАУ

Армения мен Әзербайжан шекарасы маңындағы ауылдарда, Таулы Қарабақтағы елдімекендерде де біраз бейбіт тұрғынның қаза тапқаны жайлы хабарлар шықты.

Армения сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, 29 қыркүйекте, Әзербайжан тарапы артиллерия мен дроннан шабуыл жасаған күні, Варденис қалашығында бейбіт тұрғын қаза болған.

Таулы Қарабақтағы қақтығыстан қайтыс болды делінген марқұмның жерлеу рәсімі. 30 қыркүйек 2020 жыл.
Таулы Қарабақтағы қақтығыстан қайтыс болды делінген марқұмның жерлеу рәсімі. 30 қыркүйек 2020 жыл.

Әзербайжан қорғаныс министрлігі Вардениске шабуылды Әзербайжанның Дашкесан аймағын атқылаған Армения әрекетіне жауап деді. Армения Бакудың сөзін жоққа шығарып, Дашкесанға шабуыл жасамағанын айтады.

Армения мен Таулы Қарабақтың де-факто билігі Әзербайжанның әрекетін "жаппай шабуыл" деп сипаттайды. Ал Баку барлық әрекетін Арменияның шабуылына жауап деп келген. Кейін Әзербайжан тарапы "бұл – оккупацияланған аумақты босату әрекеті" деді.

"СОҒЫС – МӘСЕЛЕНІҢ ШЕШІМІ ЕМЕС"

Human Rights Watch (HRW) ұйымы 30 қыркүйекте Таулы Қарабақта қақтығысып жатқан әскерилерді бейбіт тұрғындарға шабуыл жасамауды талап етті.

"Барлық тарап бейбіт тұрғындарға шабуыл жасау халықаралық гуманитарлық заңдарға қарсы келетінін, бұл қылмыс екенін есте сақтауы тиіс" деді Нью-Йоркте орналасқан ұйымның Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон.

Баку мен Ереван 27 қыркүйектен кейін әскери жағдай жариялап, запастағы әскерилерін жинап, ер адамдарды әскерге ала бастады.

Екі ел де қақтығыс туралы ақпарат таратқанда тек ресми дерекке сүйенуді заңмен бекітіп тастаған. Әзербайжан әлеуметтік желі мен мессенжерде артық ақпарат тарап кетпеу үшін интернетке шектеу қояды. Бірақ Таулы Қарабақ екі елдегі жұрттың бір-біріне деген өшпенділігін күшейтіп жіберді.

Әзербайжан Хачмаз аймағының тұрғындары жергілікті әкімдік алдына жиналып, әскерге шұғыл шақырылған ерлерді қошеметпен шығарып салды.

Саяси тұтқындарды қорғау орталығының белсендісі Талех Хасмаммадов Facebook парақшасына видео жариялап, Гейчай аймағында 10 мыңдай адам "қаһарман ұлдарын соғысқа шығарып салғанын" жазды.

Кейбір адамдар әлеуметтік желіде алаңдаушылығын білдіріп жатыр. Мәселен, Әзербайжан билігін сынап жүрген бакулық белсенді Тойгул Велиев ағасының қақтығысқа аттағанына өкініш білдірді.

"Ағам жаттығуға кеткендей аттанды. Өте қорқынышты. Өмірде цензура мен соғысты жек көрем. Биліктің арқасында осы екеуін де бастан өткеріп жатырмыз. Олар әрбір ақпаратты әскери құпияға жатқызады. Бәлкім соғыс әлдекімдерге тиімді шығар. Бірақ мен соғысты жан-тәніммен жек көремін, ол – мәселенің шешімі емес... Барлық мәселені бейбітшілік ғана шешеді" деп жазды ол Facebook парақшасында.

Ал Таулы Қарабақтағы Мартуни ауылының тұрғыны Мелкумян "жеңіске жеткенге дейін соғыса берген жөн. Мен де соғысуға, өлуге дайынмын. Бізге мәселенің шешімі керек. Қазіргідей жалғаса бергені жарамайды" дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG