Accessibility links

Еуроодақ Беларусь шенеуніктеріне санкция салуды мақұлдады. Тізімде Лукашенко жоқ


Еуроодақ саммиті. 1 қазан 2020 жыл.
Еуроодақ саммиті. 1 қазан 2020 жыл.

Еуроодақ жетекшілері Беларусьте тамыз айында өткен президент сайлауы қорытындысының бұрмалануы мен наразыларға күш қолдануға жауапты 40 шақты шенеунікке санкция салуды мақұлдады. 2 қазан жарым түнге дейін созылған саммиттен кейін Еуроодақ басшылары Кипр ұстанымына байланысты пайда болған дипломатиялық келіспеушіліктерді шешіп, Беларуське санкция салуға келісті. Бұған дейін Кипр Жерорта теңізіндегі қайраңның даулы аумағында бұрғылау жұмыстарын жүргізіп жатқан жеті түрік компаниясына шектеу қоймайынша, одақтың Беларусь билігіне санкция салу туралы ортақ шешімін қолдаудан бас тартатынын айтқан еді.

“Біз бүгін санкция салуды мақұлдадық” деді Еуропа кеңесінің президенті Чарльз Мишель. Оның айтуынша, Беларусьтің 40 шақты шенеунігіне санкция салуды қарастыратын арнайы процедура 2 қазанда басталады. Бірақ 9 тамызда өткен президент сайлауында өзін жеңдім деп есептейтін Александр Лукашенко санкция салынған шенеуніктер арасында жоқ. Еуроодақ дипломаттары оны тізімге кейінірек енгізуі мүмкін екенін айтты.

Еуроодақ Беларусьтегі президент сайлауының қорытындысын мойындаған жоқ. Бұған дейін жасырын инаугурация өткізген Лукашенконы да елдің заңды президенті ретінде танымайтынын ескерткен. Еуроодақ биліктің наразылар мен оппозицияны қудалауын айыптаған.

“Демонстранттар мен оппозициялық саясаткерлердің қудалануына жауапты адамдар жазасыз қалмайды” деді Еуропа комиссиясының президенті Урсула фон дер Ляйен.

Бұған дейін Балтық елдері Еуроодақты күтпей, Беларусь шенеуніктеріне (олардың арасында Лукашенко да бар)өз бетімен санкция салған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG