Accessibility links

Армения Ереван маңында Әзербайжан дронын атып түсіргенін хабарлады


Таулы Қарабақ.
Таулы Қарабақ.

Арменияның әуе шабуылына қарсы жүйесі Ереван маңында Әзербайжан дронын атып түсірді. Армения қорғаныс министрлігі бейсенбі күні осындай ақпарат таратты. Дегенмен оқиғаның жай-жапсарына тоқталмады. Бұған дейін ведомство әзербайжан тарабының бейбіт тұрғындар шоғырланған елді мекендерді атқылағанын хабарлаған. Бір тұрғын қаза болған.

Ал Әзербайжан қорғаныс министрлігі Армения тарабынан оқ атылғанын айтты. Бас прокуратураның мәліметінше, 19 адам қаза болған.

Әзербайжан Түркия мен Израильден әскери дрон сатып алады. 1 қазанда Армения сыртқы істер министрлігі Израильдің Бакуге қару-жарақ сатуына наразылық ретінде сол елдегі елшісін қайтарып алған.

Өзін республика деп жариялаған Таулы Қарабақта қақтығыстың жалғасып жатқанына бірнеше күн болды. Баку мен Ереван бір-бірін атысты бірінші болып бастады деп айыптап, жағдайдың ушығуына кінәлады. Екі елде де әскери жағдай жарияланған. 27 қыркүйек таңертең басталған қақтығыста ондаған адам қаза болған, көп адам жараланған. Қаза болғандар мен зардап шеккендер арасында бейбіт тұрғындар да бар.

1 қазанда АҚШ, Ресей, Франция президенттері Таулы Қарабақтағы жағдай бойынша ортақ мәлімдеме жасады. Үш ел басшылары әскери қимылдарды тоқтатып, Ереван мен Бакуды ЕҚЫҰ қатысуымен келіссөз жүргізуге шақырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG