Әзербайжан мен Армения қақтығысып жатқан Таулы Қарабақ аймағында екі француз журналисі қатты жараланды. Францияның ресми орындары 1 қазанда осылай деп хабарлады. Сыртқы істер министрі журналистерді елге барынша жедел жеткізуге тырысып жатыр деді Франция президенті Эммануэль Макрон.
“Медициналық ұшақ дайын тұр. Журналистерді эвакуациялар алдында олардың жағдайын тұрақты етуге күш саламыз” деді Макрон.
Алайда өзін республика деп жариялаған Таулы Қарабақ билігі Le Monde басылымының екі тілшісінің жағдайы ауыр екенін, жергілікті дәрігерлер операция жасағанын айтқан. Олар тілшілерді Армения астанасы Еревандағы ауруханаға жеткізуі мүмкін екенін де хабарлаған.
Армения сыртқы істер министрінің айтуынша, әзербайжан күштері Мартуни қаласын атқылаған кезде екі тілшіге оқ тиіп, қатты жараланған. Бұған дейін Le Monde басылымы да бұл ақпаратты растаған.
Басылымның редакторы Люк Броннер Reuters агенттігіне берген сұхбатында бір тілші мен фототілшінің жараланғанын растағанмен аты-жөндерін айтпаған. Әзербайжан тарабы ақпаратты растамады.
ПІКІРЛЕР