Ереван 1994-1995 жылғы келісім негізінде ЕҚЫҰ жанындағы Минск тобының араласуымен Таулы Қарабақта атысты тоқтату бойынша келіссөз жүргізуге дайын екенін хабарлады.
Армения сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде армян тарабы әзербайжан жағын Таулы Қарабақта күш қолданды деп айыптап, Түркияны Армениямен соғысқа араласты деп кінәлаған. Ресми Ереван қақтығысты бейбіт жолмен шешуді қолдайтынын, бірақ қажет кезде Әзербайжанның агрессиясына төтеп беретінін жеткізген.
Баку Ереванның мәлімдемесіне байланысты әзірге түсініктеме бермеді.
Әзербайжан қорғаныс министрлігі 2 қазанда таңертең Таулы Қарабақтағы "түйісу сызығында" стратегиялық маңызды аумақтардың әзербайжан жағына өткенін хабарлады. Әлем елдері мойындамаған Таулы Қарабақ республикасының шекара маңында түні бойы атыс болғанын Армения қорғаныс министрлігі де растады.
Өзін республика деп жариялаған Таулы Қарабақта қақтығыстың жалғасып жатқанына бірнеше күн болды. Баку мен Ереван бір-бірін атысты бірінші болып бастады деп айыптап, жағдайдың ушығуына кінәлады. Екі елде де әскери жағдай жарияланған. 27 қыркүйек таңертең басталған қақтығыста ондаған адам қаза болған, көп адам жараланған. Қаза болғандар мен зардап шеккендер арасында бейбіт тұрғындар да бар.
Париж бен Мәскеу Әзербайжан жағында Түркиядан келген сириялық жалдамалылар бар екенін айтады. Олардың арасында "Ислам мемлекеті" террористік тобына қатысы бар жихадшылар да болуы мүмкін. Бұл ұйымға көптеген елдерде тыйым салынған.
Еуроодақ мүшелері Брюссельдегі саммит кезінде армян-әзербайжан қақтығысына Түркияның араласуы жағдайды ушықтырады деп мәлімдеген.
1 қазанда АҚШ, Ресей, Франция президенттері Таулы Қарабақтағы жағдай бойынша ортақ мәлімдеме жасады. Үш ел басшылары әскери қимылдарды тоқтатып, Ереван мен Бакуды ЕҚЫҰ қатысуымен келіссөз жүргізуге шақырды.
Ал Түркия президенті Режеп Ердоған ЕҚЫҰ жанындағы Минск тобы 30 жыл бойы мәселені шешуге күш салмады, енді жағдайдың ушығуын өз мақсатына пайдаланып отыр деп мәлімдеді. Ол келіссөз басталуы үшін ең әуелі Әзербайжан аумағынан "басқыншылар кетуі тиіс" деді.
Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабақ аймағы үшін 1988 жылдан бері қақтығысып келеді. 1988-94 жылдары арасындағы соғыста 30 мыңдай адам қайтыс болды. 1994 жылы екі ел қақтығысты тоқтату туралы келісімге қол қойған. Сол уақыттан бері Таулы Қарабақ этникалық армяндардың бақылауында. Таулы Қарабақ аймағы 1991 жылы тәуелсіздік жариялап алған.
Қарай отырыңыз: Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығыстан бейбіт халық зардап шегіп жатыр. (1 қазан 2020 жыл).
ПІКІРЛЕР