Accessibility links

Кейінгі 8 тәулікте ПТР растаған Covid-тен күн сайын 3 адам қайтыс болған


Бір топ қыз "коронавирус ауруын жұқтыру қаупі бар жерден" өтіп барады. Алматы, 11 қыркүйек 2020 жыл.
Бір топ қыз "коронавирус ауруын жұқтыру қаупі бар жерден" өтіп барады. Алматы, 11 қыркүйек 2020 жыл.

Қазақстанда 3 қазан күні 264 адамның коронавирус ауруына шалдыққаны анықталды. Оның 71-і ПТР тестімен расталған науқас болса, 193-і ПТР тестімен расталмаған коронавирус пневмониясына шалдыққан болып шықты. Тәулік ішінде осы ауруды жұқтырған үш адамның өлімі тіркелді. Оның бәрі – вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған науқастар.

ПТР тестімен расталған науқастар арасында 26 қыркүйектен бері күн сайын үш адамнан қайтыс болып келеді. Оған дейін 20 қыркүйектен бері алты күн қатарынан төрт адамнан қайтыс болған. Екі апта ішінде аурудан барлығы 48 адам қайтыс болған. Осы аралықта коронавирус пневмониясынан 15 адам көз жұмған. Яғни ПТР тестімен расталған Covid өлімі коронавирус пневмониясы науқастарының өлімінен үш есе көп болған.

Бірақ Covid науқастарының саны пневмония науқастарының санынан едәуір аз болған. 20 қыркүйек пен 3 қазан аралығында ПТР тестімен расталған Covid ауруы 915 адамнан, ПТР тестімен расталмаған коронавирус пневмониясы 2485 адамнан анықталған.

Қазақстанның Covid жөніндегі ресми статистикасы бойынша, елде барлығы 108 177 адам коронавирусқа шалдыққан. Оның ішінде 103 205 адам жазылған, 1743 адам қайтыс болған. Бұл статистикаға есебі 1 тамыздан бері жүргізіліп келе жатқан коронавирус пневмониясы дерегі қосылмай отыр. Пневмонияның бұл түрі 1 тамыздан бері 33 571 адамнан анықталып, оның 27 мыңнан астамы айығып үлгерген, 358 адам көз жұмған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG