Accessibility links

Әзербайжан Арменияны Мингечевир қаласын атқылады деп айыптады


Гянджа қаласы шабуылдан кейін (Әзербайжан).
Гянджа қаласы шабуылдан кейін (Әзербайжан).

Әзербайжан қорғаныс министрлігі Арменияны ірі электр станциясы шоғырланған Мингечевир (Мингечаур) қаласын зымыранмен атқылады деп айыптады. Әзербайжан президентінің көмекшісі Хикмет Гаджиев Әзербайжан астанасы Баку маңындағы Хызы және Апшерон ауданының да атқылауға ұшырағанын хабарлады. Аталған елді мекендердің барлығы Таулы Қарабақтан жырақ орналасқан.

Әзербайжан бас прокуратурасының хабарлауынша, армян тарабы Мингечевир қаласын үш зымыранмен атқылаған, соның кесірінен бес тұрғын зардап шеккен.

Армения қорғаныс министрлігі және өзін республика деп жариялаған Таулы Қарабақ билігі Бакудің атыс жайлы мәлімдемесін жоққа шығарып, оны "арандатып отыр" деп айыптады.

Жексенбі күні таңертең Таулы Қарабақтан алыста орналасқан Әзербайжанның Гянджа қаласы да шабуылға ұшыраған. Таулы Қарабақтағы армян күштері бұған дейін әзербайжан әскерінің Степанакерт пен өзге елді мекендерге шабуыл жасағанын мәлімдеп, мұны "қарымта шабуыл" деп атады. Әзербайжан билігінің мәлімдеуінше, Гянджа қаласын атқылау кезінде бір адам қаза тапқан.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев жексенбі күні кешке халыққа жасаған жолдауында егер Армения Таулы Қарабақты Әзербайжан аумағы деп таныса және әскерін қашан шығаратынын хабарласа, Таулы Қарабақта атысты тоқтатынын мәлімдеді. Ол сонымен бірге 1990 жылдан бері армяндар бақылауында болған Жебраил мен өзге де бірқатар елді мекендердің әзербайжан жағына өткенін айтты. Алайда Армения Жебраилден айырылғанын жоққа шығарды.

Таулы Қарабақ пен оған жапсарлас жатқан ауданда жағдай 27 қыркүйекте күрт ушыққан. Әзербайжан мен армян тарабы бір-бірін "атысты бірінші бастады" деп кінәлады. Бұған дейін БҰҰ, Ресей, Франция, АҚШ және өзге елдер екі тарапты келіссөз өткізуге шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG