Accessibility links

Нұр-Сұлтанда үлескерлер Ақорда маңына жиналды


Ақорда маңына жиналған үлескерлер. Нұр-Сұлтан, 5 қазан 2020 жыл.
Ақорда маңына жиналған үлескерлер. Нұр-Сұлтан, 5 қазан 2020 жыл.

Дүйсенбі күні Нұр-Сұлтанда бір топ үлескер Ақордаға маңына жиналды. Елдің бірнеше аймағынан келген жиырма шақты адам «президент Тоқаевпен кездесуді» талап етті. Наразылардың айтуынша, олардың банктен ипотекаға алған үйлері «заңсыз сатылып кеткен». Соның кесірінен «баспанасыз қалып, қаңғырып жүргендерін» айтады.

Ақорда маңына жиналған үлескерлер. 5 қазан 2020 жыл.
Ақорда маңына жиналған үлескерлер. 5 қазан 2020 жыл.

- Банк үш бөлмелі үйімді болмашы тиын–тебенге сатып жіберген. Біздің қарызымызды қайта қаржыландыруы тиіс болған еді. Екі жыл болды: мектепте оқитын балаларыммен бірге үйсіз-күйсіз, қаңғырып жүрміз. Жоғарғы сот сатып алу туралы келісімді заңсыз деп шешім шығарған. Біз соттасып жүргенде, екінші адам пәтерді - үшіншіге, ол төртінші адамға сатып жіберген. Қайта қаржыландыру туралы шешім 2015 жылы қабылданған. Жалғыз үйімді даулап жүргеніме қанша уақыт өтті?! Ақордаға да сол үшін келіп тұрмыз. Тоқаев бізді қабылдасын! - деді астана тұрғыны Жұмакүл Алпысбайқызы.

Жиналғандар арасында Жұмакүл Алпысбайқызы сияқты ипотекалық несиесін өтей алмай, жалғыз баспанасынан айырылғандар көп болды.

Ақорда маңын күзетіп тұрған полиция өкілі карантинді алға тартып, үлескерлерге көп адамның жиналуға болмайтынын ескертті. Бірақ наразы топ «онсыз да панасыз қалдық, баратын жеріміз жоқ» деп тарамады. Жиналғандар билік үлескерлер мәселесіне назар аударсын деді.

Белсенді Қанағат Тәкееваның айтуынша, осыған дейін де үлескерлер бірнеше рет жиналған. Бірақ мәселелері сол күйі шешілмеген. Олар президент не үкімет басшысы Асқар Маминнің өзі шықсын деген талап айтты.

Ал Ақорданың қабылдау кеңсесінен үлескерлерге ешкім шықпады.

Үлескерлердің сөзіне қарағанда, ипотекалық қарызды қайта қаржыландыруға үкімет 44,6 млрд теңге бөлген. Бірақ бағдарлама іске қосылғанмен бірнеше жылдан бері мәселесін шешуді талап етіп жүрген азаматтарға көмегі тимеген.

Қазақстанда ипотекалық кредитті қайта қаржыландыру бағдарламасы 2015 жылдың сәуірінде іске қосылды. Бағдарламаның бірінші бөлігі 2004 жылдан бастап 2009 жылға дейін ипотека алған және баспанасы жоқ тұрғындарды қолдауы тиіс. Оны жүзеге асыру үшін 130 млрд теңге бөлінген. Ресми мәлімет бойынша, бұл бағдарлама аясында 28,3 мың адамға көмек көрсетілген.

Бағдарламаның екінші бөлігі 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін шетел валютасымен берілген ипотекалық кредиттерді қайта қаржыландыруға арналған. 1 қыркүйек күнгі ақпарат бойынша, шетел валютасымен берілген ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру бойынша 9,2 мың өтініш қабылданған. 7,9 мыңы қанағаттандырылған. Валюталық ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру мерзімі биыл 31 желтоқсанда аяқталады.

Бұған дейін "қайта қаржыландыру бағдарламасына ілінген" кейбір үлескерлер несиесінің жартысынан астамын өтесе де, қайта қаржыландыру кезінде қарызының еселеп артқанын айтып, шағымданған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG