Accessibility links

Германияда синагога маңында студентке шабуыл жасады деп күдікке ілінген Қазақстанда туған неміс ұсталды


Синагога маңын күзетіп тұрған полиция.

Германия әділет министрі жексенбі күні синагога маңында еврей студентіне жасалған шабуылды "барып тұрған жексұрын қылық" деп атады. 4 қазанда елдің солтүстігіндегі Гамбург қаласында 26 жастағы ер адам синагогаға кірейін деп тұрған жерде шабуылға ұшырап, басы жарақаттанған. Полиция күдікті ретінде 29 жастағы Қазақстанда туған этникалық немісті ұстаған.

"Еврейлерге қастық жасау - елімізге басылған қара таңба. Біз еврейлерге қарсы үгіт-насихат пен қастандық-шабуылдарды тоқтатуға күш саламыз" деді әділет министрі Кристине Ламбрехт.

Шабуыл кезінде басы жарақаттанған ер адам ауруханаға түскен. "Неміс толқынының" хабарлауынша, ол бірінші соққыдан кейін жәдел жәрдем көлігі келгенге дейін шабуылдаушыдан жасырынып үлгерген.

Істі саяси сипаты бар қылмысты зерттеу жөніндегі полиция бөлімі зерттеп жатыр.

Бір жыл бұрын қазан айында Германияның Галле қаласында да синагогаға шабуыл жасалған. Еврейлер мерекесін тойлау кезінде қарулы ер адам синагогаға басып кіруге тырысқан. Ол әрекетінен түк шықпаған соң көшеде кетіп бара жатқан ер адамға оқ атып, ол адам сол жерде қаза тапқан.

Синагога раввині Шломо Быстрицкий ақпарат құралдарына берген сұхбатында Галле оқиғасынан бері "нендей сабақ ала алмадық, мәселе сонда болып отыр" деп мәлімдеген. Быстрицкий жексенбі күні синагогаға келушілердің шабуылдан қатты шошығанын айтып өткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG