Accessibility links

Бішкекте демонстранттар мен полиция арасында қақтығыс болды, 16 адам жараланды


Бішкек, Қырғызстан. 5 қазан, 2020 жыл.
Бішкек, Қырғызстан. 5 қазан, 2020 жыл.

4 қазанда өткен сайлау нәтижелерімен келіспеген демонстранттар Бішкекте Қырғызстан парламенті – Жогорку кенеш пен президент әкімшілігі қоршауынан секіріп кірмекке талпынды. Демонстранттар ғимарат ауласына бөтелке, тас лақтырды.

Басында тәртіп сақшылары оларға кедергі келтірмеген. Азаттықтық Қырғыз қызметінің хабарлауынша, артынша полиция жиналғандарды резеңке оқ, жас ағызатын газ қолданып, күшпен таратқан.

Полиция мен арнайы жасақ қызметкерлері арнайы автокөлік және иттердің көмегімен демонстранттарды екіге бөліп жіберген. Азаттықтың Қырғыз қызметінің тікелей эфирінен жарақат алған, түтінге тұншыққан адамдар байқалады.

Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, оқиға кезінде 16 адам түрлі жарақат алған.

Ала-Тоо алаңындағы оқиға кезінде "Ата Мекен" партиясының атынан сайлауға түскен кандидат Жанар Ақаев жарақат алды. Бұл туралы Ақаевтың көмекшісі Орозбек Муратов хабарлады. Оның айтуынша, аяғынан жараланған Ақаевты ауруханаға жеткізу үшін "Жедел жәрдем" шақырылған. Интернетте жарияланған видеода Ақаевты бірнеше адамның көтеріп бара жатқаны байқалады.

Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Жылдыз Айгерчинованың айтуынша, Ала-Тоо алаңында митингіге шыққандарды тарату кезінде күш құрылымдарының екі қызметкері жараланған, екеуінің де миы шайқалған. Оларды "Жедел жәрдем" қызметі ауруханаға алып кетті.

Қырғызстандағы үлкен қалалардың бірі, Ыстықкөл облысының орталығы Караколдың орталық алаңына 5 қазан түнгі 21:30 шамасында наразы жұрт жинала бастады.

Облыстың басқа ауылдарының тұрғындары Бішкектегі наразылыққа қатысу үшін астанаға кетіп жатыр деген ақпарат бар.

5 қазанда күндіз де Каракол қаласында сайлау қорытындысымен келіспейтіндердің жиыны өткен.

Қырғызстанның Ресейге бүйрегі бұратын президенті Сооронбай Жээнбековке жақын партиялар 4 қазанда өткен парламент сайлауында депутаттық орындардың басым бөлігін иеленді. Оппозиция "заң бұзу көп болғандықтан, сайлау нәтижесін мойындамаймыз" деді.

Алдын ала нәтижелерге қарасақ, 7 пайыздық межеден өткен төрт партия Қырғызстанның 120 орындық парламенті – Жогорку кенешке депутат жіберу мүмкіндігіне ие болған.

Жаңа құрылған билік партиясы – "Биримдик" (Бірлік) 24,5 пайыз дауыс алса, "Мекеним Кыргызстан" (Мекенім – Қырғызстан) - 23,88, "Кыргызстан" 8,76 пайыз дауыс жинаған.

Бұл үш партия үкіметті қолдайтын саяси ұйымдар ретінде сипатталады. "Биримдик" те, "Мекеним Кыргызстан" да Мәскеу үстемдік ететін Еуразия экономикалық одағын жақтайды және Ресеймен қауіпсіздік саласында жақын ынтымақтасу керек деп есептейді.

Оппозициядан жалғыз "Бүтүн Кыргызстан" ("Біртұтас Қырғызстан") партиясы ғана 7,13 пайыз дауыспен межеден өте алды. Додаға түскен қалған 12 партия парламентке өтпей қалды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG