Accessibility links

Қоғамдық бірлестіктер Тоқаевтан аралас сайлау жүйесін енгізуді талап етті


Қазақстанның сайлау заңнамасын өзгертуді талап еткен белсенділер жиыны . Алматы, 7 қазан 2020 жыл.
Қазақстанның сайлау заңнамасын өзгертуді талап еткен белсенділер жиыны . Алматы, 7 қазан 2020 жыл.

"Тәуелсіз бақылаушылар" бірлестігі мен бірқатар азаматтық белсенділер президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан парламент сайлауына дейін аралас сайлау жүйесін енгізуді талап етті.

Белсенді Ақмарал Қамбарқызының сөзінше, Қазақстанда ресми тіркеуде тұрған 6 партияның құрамына кірмейтін, бірақ парламент сайлауына түскісі келетін тәуелсіз азаматтар көп. "Партиялық тізім бойынша сайлау ел азаматтарының барлығын қамти алмайды" дейді ол.

- Мұны көп күтпей, тезірек жүзеге асыру қажет. Президенттің ондай құзыреті бар. Шұғыл мәжіліс өткізуге ұсыныс беріп, заңды екі ай ішінде қабылдауға болады, - деді белсенді Ақмарал Қамбарқызы.

"Тәуелсіз бақылаушылар" ұйымының төрағасы Арай Назарова Қазақстан қоғамы үшін әділ сайлау өткізу өткір мәселеге айналғанын айтады.

- Бізге қажеті - әділ әрі таза сайлау өткізу. Қазір азаматтық қоғам бұрынғыдай емес. Беларусь, Қырғызстандағы жағдай әділетсіз сайлаудың неге алып келетінін көрсетті, - дейді Арай Назарова.

Қазақстан Конституциясының 33-бабына сілтеген бастама авторлары "біздің сайлауға және сайлануға құқығымыз бар" деп негізгі заңнан үзінді келтіреді.

"Қазақстандағы ешбір заң Конституцияға қайшы келмеуі керек" деген белсенділер брифингтегі талапты митинг кезінде де көтеретінін айтты. Олар 6 қазанда Алматы әкімдігіне 11 қазан күні митинг өткізетінін ескерткен."ХАҚ" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Тоғжан Қожалиева да Азаттыққа "бұл бастаманы қолдап шығамыз" деді.

Қазақстанда парламент сайлауы пропорционалды жүйемен өткізіледі (яғни, дауыс санына қарай партияларға парламенттен орын беріледі). Мажоритарлы жүйені (сайлау округінде көбірек дауыс жинаған кандидат жеңеді, бір округтен бір ғана депутат парламентке өтеді)қолдайтындар бұған дейін де 50/50 үлеспен аралас сайлау жүйесіне өтуді көтерген.

Биыл мамырда Қазақстан парламенті сайлау туралы заңға түзету енгізіп, партиялар сайлау тізімінде әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота беруге міндеттелді. Бірақ тәуелсіз кандидаттарға өзін-өзі ұсыну құқығын беру мәселесі көтерілмеді.

Заң бойынша Қазақстанда парламент сайлауы 2021 жылы қаңтар айында өтуі тиіс.

"Тәуелсіз бақылаушылар" бірлестігі былтырғы президент сайлауынан кейін ресми түрде тіркелген. 2019 жылы 9 маусымда Алматыдағы сайлау учаскелеріндегі жағдайды бақылаған бірлестік мүшелері көптеген заңбұзушылықтар болғанын айтқан. ЕҚЫҰ бақылаушылар миссиясы президент сайлауы кезінде көптеген заңбұзушылық пен азаматтарды ұстау болғанын айтып сынаған.

Елді 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев былтыр отставкаға кеткеннен кейін президент болған Тоқаев алғашқы халыққа жолдауында "жүйелі түрде саяси реформа жасауға" уәде берген еді. Елде билікке қарсы наразылық өршіген тұста ол көппартиялық жүйе, саяси бәсекені дамытуға көңіл бөлетінін айтқан. Ол сонымен бірге митингілер туралы заңнаманы қайта қарау қажеттігін алға тартқан.

Содан бері өткен 12 айда елде саяси партиялар мен сайлау туралы заң қабылданғанмен сыншылар болмашы ғана өзгерістер болғанын, заңнаманың адам құқықтарын шектейтін сипаты сақталып қалғанын айтқан.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG