Accessibility links

Цой "жұрттың 60 пайызы ғана маска тақса, желтоқсанның ортасында локдаун енгізіледі" деп болжайды


Алексей Цой, Қазақстан денсаулық сақтау министрі
Алексей Цой, Қазақстан денсаулық сақтау министрі

7 қазанда Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирустың екінші толқынына дайындықты талқылаған жиында "егер жұрттың 60 пайызы ғана маска тағып жүрсе, желтоқсан айында толық карантин (локдаун) жариялануы мүмкін" екенін айтты.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен жиында елдегі індеттің беталысына қатысты үш сценарий ұсынды.

Цой ұсынған "Пессимистік сценарий" бойынша, егер жұрттың 60 пайызы ғана маска тақса, 2020 жылдың қазан-желтоқсанында 190 мың адам вирус жұқтырып, 65 мың адамды ауруханаға жатқызуға "тура келеді". Мұндай жағдайда "желтоқсанның ортасында локдаун енгізілуі мүмкін".

Цойдың сөзінше, "Реалистік сценарий" бойынша, жұрт арақашықтық сақтап, 70 пайызы маска тақса, қазан-желтоқсанда 90 мыңдай адам вирус жұқтырып, 30 мыңын ауруханаға жатқызуға "тура келеді". Бұл жағдайда "қаңтарда локдаун енгізілуі мүмкін".

Цой егер жұрттың 100 пайызы маска тағып жүрсе, қатаң карантин болмайтынын, қазан-желтоқсанда шамамен 40 мың адамға вирус жұғып, 15 мың адам ауруханаға түсетінін айтады.

Министрдің сөзінше, елдегі ауруханалардың 70 пайызы толса, қатаң карантин жариялау керек болады.

7 қазандағы ресми дерек бойынша, Қазақстанда 142 мыңнан аса адам індетке шалдығып, 2100-ден аса адам қайтыс болды. Бұл есепке анализінен коронавирус табылғандар да; анализі теріс, бірақ клиникалық белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандар да енген. 131 мың адам дерттен айықты.

Қазақстанда наурызда коронавирус жұқтырған алғашқы адам тіркелген соң билік елде төтенше жағдай жариялап, локдаун енгізген. Кейін мамырда төтенше жағдайды аяқтап, билік экономиканы ашу үшін карантин шараларын жеңілдете бастаған. Бірақ маусымның ортасында елде індет қайта ұшығып, ауруханаларда орын, дәріханада дәрі тапшылығы байқалған. Осыдан соң билік елде екінші рет карантин жариялауға мәжбүр болды.

Маусым-тамыз арасында елде коронавирус пен клиникалық белгілері коронавирусқа ұқсас пневмониядан мыңдаған адам көз жұмды.

Елдегі қазіргі жағдайға қысқаша шолу:

  • Министрліктің дерегінше, қазір елде коронавирус жұқтырған 3145 адам емделіп жатыр. Олардың 1882-і ауруханада, 1263-сі үйде. Вирус жұқтырып емделіп жатқандар арасында 74 бала бар.
  • 89 науқастың жағдайы ауыр. Оның 15-інің халі өте ауыр. 15 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
  • 138 оқушыға вирус жұққан. Оның ішінде 86 бала қашықтан, 52 оқушы кезекші сыныптарда оқып жүрген. Екі балаға пневмония диагнозы қойылды.
  • Елде Кавасаки синдромына 45 бала шалдықты. Олардың көбі Нұр-Сұлтанда. 38 бала жазылып шықты, біреуі емделіп жатыр. Екі сәби шетінеген.
  • Тоқаев 7 қазанда Нұр-Сұлтанда індеттің екінші толқынына даярлық мәселесі талқыланған жиында індеттен қайтыс болған барлық дәрігердің "өлім себебін тексермей" олардың отбасыларына өтемақы төлеуді тапсырды. Билік індетпен күрес кезде қайтыс болған дәрігерлердің отбасына 10 млн теңге төлеуге уәде еткен еді.
  • Тоқаевтың айтуынша, наурыз бен қазанның арасында елде 182 медқызметкер коронавирустан қайтыс болған. 37 медқызметкердің отбасы ғана өтемақы алған.
  • Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, пандемия кезінде Қазақстанда 12830 медқызметкер індетке шалдыққан. Олардың 8442-і қызметін атқару кезінде науқастанған. 4550 медқызметкер өтемақы алды. Билік індетпен күресте вирус жұқтырған дәрігерге 2 млн төлейтінін мәлімдеген еді.
  • Тоқаевтың сөзінше, қазір елде орта есеппен 18 мың тест алынады. Ол үкіметке тест санын көбейтуді, анализ бағасын арзандатуды тапсырды. Қазір елде коронавирус тестін тапсыру құны – 10-18 мың теңге.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG