Accessibility links

АҚШ-та вице-президенттікке ұсынылған кандидаттар дебат өткізді


Демократ Камала Харрис (сол жақта) және республикашыл Майк Пенс.
Демократ Камала Харрис (сол жақта) және республикашыл Майк Пенс.

7 қазан күні кешке АҚШ-та вице-президенттікке ұсынылған кандидаттар республикашыл Майк Пенс пен демократ Камала Харрис арасында дебат өтті

Солт-Лейк Сити қаласында өткен дебатта 210 мыңнан астам Америка азаматының өмірін алып кеткен пандемияға Дональд Трамп әкімшілігінің реакциясы талқыланды. Камала Харрис Ақ үйдің реакциясын "Америка үкіметінің ең ірі жеңілісі" деп атады.

"Осылайша реакция танытқан Трамп әкімшілігі өздерін қайта сайлау құқығынан айырды" деді Харрис.

Майк Пенстің сөзіне қарағанда, президент Трамп АҚШ-та коронавирус анықталғаны жайлы хабарлама түскеннен кейін АҚШ-тан Қытайға баруға бірден тыйым салған, компания мен кәсіпорындар жұмысын тоқтатып, медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмек шығаруға көп көңіл бөлген. Пенстің айтуынша, Трамп қарсыласы Байден ұсынған індетпен күрес жоспарының Ақ үй стратегиясынан кереметтей айырмашылығы жоқ.

Вице-президенттіктен үміткерлер елдің экономикалық ахуалы, нәсілшілдік, жоғарғы сот мүшесін тағайындау, президент сайлауының қорытындысын мойындау сияқты маңызды мәселелерді көтерген. Камала Харрис елдің күрделі экономикалық ахуалына президент Трампты кінәлады. Ал Майк Пенс індетке дейін америкалықтардың жалақысы тұрақты түрде өсіп, экономика дүрілдеп дамығанын айтты. Ол президент әкімшілігіне Байден келсе, орташа тап өкілдері төлейтін салық өседі деді, бірақ Харрис мұны жоққа шығарды.

Бұған дейін сарапшылар президент сайлауына түсетін Дональд Трамп пен Джо Байден арасындағы дебаттың мазмұндық жағынан жұтаң, эмоциялық реңкі қою болғанын айтып сынаған. Ақпарат бойынша, Трамп жақтастары Майк Пенс өткен дебаттан қалған күмән-күдіктерді сейілтіп, Трамптың беделін арттыруға көмектеседі деп үміттенген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG