Accessibility links

Таулы Қарабақта жараланған ресейлік журналистерді Ереванға апарады


Шуша қаласындағы шіркеу. Атыстан кейінгі көрініс. 8 қазан 2020 жыл.
Шуша қаласындағы шіркеу. Атыстан кейінгі көрініс. 8 қазан 2020 жыл.

Өзін республика жариялаған Таулы Қарабақта шіркеуді атқылау кезінде жараланған ресейлік журналистерді Еревандағы ауруханаға жатқызады.

Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарованың айтуынша, зардап шеккен журналистердің бірінің жағдайы ауыр. Оған операция жасалады. Екі адам орташа дәрежеде жарақаттанған. Оларға да операция жасау қажет.

Бейсенбі күні Таулы Қарабақта Шуша қаласындағы шіркеуге шабуыл жасалып, Ресейдің үш азаматы зардап шеккен. "Коммерсантъ" басылымының жазуынша, "Сегодня.ру" сайтының редакторы Юрий Котенок, "Офицеры России" порталының арнайы тілшісі Левон Арзанов және олардың жанында болған тағы бір адам жарақаттанған. Азат Еуропа/Азаттық тілшісінің хабарлауынша, шіркеуді бір күнде екі рет атқылаған. Алғашқы соққы жасалған кезде ғимарат ішінде әйелдер мен балалар болған. Ешкім зардап шекпеген. Екінші атқылау кезінде журналистер жараланған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, шіркеудің іші-сырты бүлінген.

Армения Әзербайжанды "шіркеуге соққы жасады" деп айыптады. Бірақ Әзербайжан қорғаныс министрлігі әзербайжан күштерінің тарихи, мәдени, діни орындарға тиіспейтінін айтқан. Бейсенбі күні сәл ертерек әзербайжан тарабы армян жағын әзербайжанның қалалары мен елді мекендерін түнде атқылады деп айыптаған.

Таулы Қарабақта жағдай 27 қыркүйекте күрт ушыққан. Ереван мен Баку бір-бірін "жағдайды ушықтырды, атысты бірінші болып бастады" деп кінәлайды. Екі жақтан да адам шығыны бар. Қақтығыс кезінде бейбіт тұрғындар да қаза болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG