Accessibility links

Жээнбеков Бішкекте төтенше жағдай жариялады


Бішкектегі митинг. 5 қазан 2020 жыл.
Бішкектегі митинг. 5 қазан 2020 жыл.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Бішкекте төтенше жағдай режимін енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Құжатта "жаппай тәртіпсіздік салдарынан адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнгендіктен" және "елдегі қоғамдық-саяси ахуалды тез арада қалыпқа келтіріп, қала аумағында тәртіп орнату үшін" ТЖ режимі енгізіліп отыр деп жазылған.

Жарлыққа сәйкес, қалада 9 қазан кешкі сағат 20.00-ден бастап 21 қазан таңертеңгі сағат 8-ге дейін ТЖ режимі енгізіледі. Осы аралықта қалаға кіріп-шығуға шектеу қойылады, ереуіл, жиналыс, шеру, демонстрация және пикет өткізуге тыйым салынады. Кәсіпорындардың жұмыс істеу уақыты өзгереді. Адам көп жүрген жерде сақшылар жиналғандардың кұжаттарын тексереді. Құжатта бұдан да басқа шектеу шаралары жазылған.

Қала коменданты болып Алмазбек Орозалиев тағайындалған.

Қырғызстанда 4 қазанда өткен парламент сайлауынан кейін саяси дағдарыс туындаған. Парламент сайлауының нәтижесін жоюды талап еткен наразылық акцияларының соңы тәртіпсіздікке ұласқан. 6 қазанға қараған түні демонстранттар парламент пен президент аппараты орналасқан "Ақ үйді" басып алды. Жемқорлық бойынша айыпталып, сотталған бірнеше саясаткер наразылар талабымен қамаудан шықты. Елде саяси күштер арасында билікке талас қызған.

Бірнеше күннен бері түрлі саяси күштер мен сарапшылар "мемлекетті құқықтық аяға әкелу" жолдарын ұсынып жатыр. Президент Сооронбай Жээнбеков 8 қазан кешке "мемлекет құқықтық аяға оралған соң президент қызметінен кетуге даярмын" деп мәлімдеген.

Жұма, 9 қазанда күндіз Бішкекте Ала-Тоо алаңында екі түрлі митинг өтті. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, алаңның бір жағына бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев пен экс-премьер Өмірбек Бабанов жақтастары, екінші жағына бұрынғы депутат Садыр Жапаров жақтастары жиналған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG