Accessibility links

Covid тестімен расталмаған дерек. Бір күнде 233 адамнан коронавирус пневмониясы анықталды


Қорғаныс киімін киген медқызметкер пандемия кезінде. Көрнекі сурет.
Қорғаныс киімін киген медқызметкер пандемия кезінде. Көрнекі сурет.

Қазақстанда 9 қазан күні 233 адамның ПТР тестімен расталмаған коронавирус пневмониясына шалдыққаны белгілі болды. Тәулік ішінде осы ауруға шалдыққан 21 адам жазылып шықты, бір адам қайтыс болды.

Қазақстан коронавирус екені ПТР тестімен расталмаған бірақ белгілері бойынша соған ұқсайтын пневмония есебін 1 тамыздан бері жүргізіліп келеді. Осы күнге дейін пневмонияның бұл түрі бойынша 34 617 науқас тіркелді. Оның ішінде 27 618 науқас жазылып шықты, 365 адам көз жұмды.

Ел арасында коронавирус пневмониясы аталып кеткен бұл аурудың есебі Covid жөніндегі ұлттық статистикаға қосылмай отыр. Ол статистикаға тек ПТР тестімен расталған науқастар ғана кіреді. Covid тестімен расталған науқастар саны – 108 663. Оның 103 910-ы жазылып шыққан, 1762-сі қайтыс болған. Covid өлімі статистикасына коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмей қалған.

ПТР тестімен расталған коронавирус дерегінің аймақ бойынша бөлінісі жарияланса, коронавирус пневмониясы дерегі тек республика бойынша жарияланып отыр. Пневмонияның бұл түріне қай облыстың тұрғындары көбірек шалдығып отырғаны айтылмайды.

Қазақстанда жаз айларында пневмония ауруы мезгілсіз өршіп кетті. Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, жыл басынан 2 тамызға дейін 256 мың адам пневмония шалдыққан. Бұл – өткен жылғыдан 3,3 есе жоғары көрсеткіш. Мамандар пневмонияны қоздырып отырған коронавирус инфекциясы деді. Билік бұл науқастардың ешқайсысын коронавирус статистикасына қоспады. Коронавирус пневмониясының есебі басталған 1 тамызға дейін аурудың өршуі азайып қалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG