Accessibility links

Қырғыз парламенті кезекті тыс жиналып, спикер мен премьер-министрді сайламақ


Жогорку Кеңештің VI шақырылым депутаттары.
Жогорку Кеңештің VI шақырылым депутаттары.

Қырғызстан парламенті Жогорку Кеңеш 10 қазан күні Бішкекте кезектен тыс парламент отырысын өткізбек. Күн тәртібіндегі сұрақтар қатарында президенттің Бішкекте төтенше жағдай енгізу туралы жарлығы, парламент спикері мен ел премьер-министрін сайлау бар. Бұл ақпаратты Азаттық сөйлескен бірнеше депутат растады.

Кей мәліметке қарағанда, парламент отырысы "Ала-Арча" резиденциясында өтеді.

Қырғызстанда 4 қазандағы парламент сайлауынан кейін саяси дағдарыс пайда болды. Сайлау нәтижесін жарамсыз деп табуды талап еткен наразылық акциясы тәртіпсіздікке ұласты. 6 қазанға қараған түні демонстранттар ел президентінің аппараты мен парламент депутаттары отыратын "Ақ үй" резиденциясын басып алды.

Ел президенті Сооронбай Жээнбеков бұл оқиғаны "билікті басып алу" әрекеті деп бағалап, елдің легитимді президенті болып қала беретінін мәлімдеді. Бұл арада Бішкекте түрлі саяси күштер арасында билік үшін талас өрбіді.

9 қазан күні Сооронбай Жээнбеков ел заң жолына қалай түссе Қырғызстан президенті қызметінен кететінін айтты.

Қырғызстанда не болып жатыр?

4 қазанда Қырғызстанда парламент сайлауы өтіп, ресми қорытындысы бойынша, билікке жақын үш партия мен оппозициядан бір ғана партия Жогорку кеңештен орын алды.

5 қазанда басқа оппозициялық партиялар мен жұрт сайлау нәтижесімен келіспей қарсылық акциясына шықты. Наразылар "билікке жақын партиялар жұрттың дауысын сатып алды, әкімшілік ресурстарды пайдаланды" дейді. Олар парламент пен президент отыратын "Ақ үйді" басып алып, сайлауды қайта өткізуді, ел президенті Сооронбай Жээнбековтің биліктен кетуін талап етті. "Жемқорлық айыбымен" қамалған елдің экс-президенті Алмазбек Атамбаевты жақтастары түрмеден босатып алды.

6 қазанда Орталық сайлау комиссиясы даулы сайлаудың нәтижесін жойды. Елде саяси дағдарыс әлі жалғасып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG