Accessibility links

Covid пен "пневмония". Коронавирустан тағы 5 адам қайтыс болды


 Коронавирус науқастарын емдейтін ауруханадағы медқызметкерлер науқасты тасымалдап жатыр. Көрнекі сурет.
Коронавирус науқастарын емдейтін ауруханадағы медқызметкерлер науқасты тасымалдап жатыр. Көрнекі сурет.

10 қазан күні Қазақстанда бес адамның коронавирустан қайтыс болғаны белгілі болды. Оның үшеуі – вирус жұқтырғаны Covid тестімен расталған науқас, екеуі – вирус жұқтырғаны диагнозы бойынша анықталған коронавирус пневмониясына шалдыққан науқас.

Қазақстанның Covid жөніндегі ұлттық статистикасы вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған науқастар негізінде жүргізіліп келеді. 13 наурыздан 11 қазанға дейін елде 108 мыңнан астам науқастың Covid тесті оң шыққан. Оның 104 мыңға жуығы жазылып шыққан, 1,7 мыңнан астамы қайтыс болған. Бұл санға Covid инфекциясын жұқтырған бірақ билік "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген науқас кірмеді.

Денсаулық сақтау министрлігі 1 тамыздан бастап диагнозы Covid тестімен емес, ауру белгілері бойынша қойылған коронавирус пневмониясының есебін жүргізіп келеді. Тамыздың басынан 11 қазанға дейінгі аралықты пневмонияның бұл түрі 34,8 мың адамнан анықталған. Оның 27,6 мыңы жазылған, 367-сі қайтыс болған. Билік бұл деректі Covid жөніндегі ұлттық статистикаға қоспай отыр. Әлемдік ресурстар Қазақстанның ресми дерегіне сүйеніп, тек вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған науқастар санын ғана көрсетіп отыр. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid пен коронавирус пневмониясының дерегін қосып санап отыр. Екеуін қосқанда елде 144,5 мың адам коронавирус жұқтырған болып шығады.

Пневмония жаздың алғашқы екі айында өршіді. Алайда ол екі айдың дерегі Covid статистикасына да, коронавирус пневмониясы статистикасына да қосылмады. Жыл басынан 2 тамызға дейін 256 мың адам пневмонияға шалдыққан. Бұл – өткен жылғыдан 3,3 есе жоғары көрсеткіш.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG