Accessibility links

Тәжікстанда президент сайлауы өтіп жатыр


Душанбедегі сайлау учаскесі. 11 қазан 2020 жыл.
Душанбедегі сайлау учаскесі. 11 қазан 2020 жыл.

11 қазанда Тәжікстанда президент сайлауы өтіп жатыр. Бүкіл ел бойынша сайлау учаскелері таңғы сағат 6.00 уақытында ашылды. Дауыс беру 20.00 уақытына дейін жалғасады.

Бұл – тәуелсіз ел атанғанына 29 жыл болған Тәжікстандағы бесінші президент сайлауы. Мерзімінен бұрын өтіп отырған биылғы сайлауға билікке жақын партиялардың өкілдері қатысып отыр. Оппозиция сайлауға бойкот жариялады.

Сайлауға алты адам түсіп отыр. Олардың қатарында қазіргі президент Эмомали Рахмон да бар. Оның кандидатурасын Халықтық-демократиялық партия ұсынды. Алдыңғы төрт сайлаудың бәрінде жеңімпаз атанып келген Рахмон бұл жолы сайлауға "Ұлт көшбасшысы" ретінде түсіп отыр.

Рахмонмен бірге сайлауға мынадай адамдар түсіп отыр:

  • Коммунистік партия атынан Абдуллоев Миродж (бірінші рет қатысып отыр);
  • Социалистік партия атынан Гаффорзода Абдухалим (үшінші рет);
  • Аграрлық партия атынан Латифзода Рустам (бірінші рет);
  • Экономикалық реформалар партиясынан Рахматзода Рустам (бірінші рет).

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Тәжікстанда 4 900 545 адамның дауыс беру құқығы бар. Дауыс берушілердің бір бөлігі Ресей, Қазақстан секілді өзге елдерде жүр. Сайлау учаскелерінің саны ел ішінде – 3375, шетелде – 39.

Сайлауды 145 халықаралық байқаушы бақылайды. Олар бес елден, алты халықаралық ұйымнан және сегіз елшіліктен келген. Байқаушылар арасында ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының 7 өкілі бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG