Accessibility links

Таулы Қарабақта атысты тоқтату келісімі күшіне енсе де, шабуылдың жанданғаны хабарланды


Бүлінген үйлердің арасынан өтіп жатқан ер кісі. Степанакерт қаласы, Таулы Қарабақ, 8 қазан 2020 жыл.
Бүлінген үйлердің арасынан өтіп жатқан ер кісі. Степанакерт қаласы, Таулы Қарабақ, 8 қазан 2020 жыл.

Сенбі, 10 қазан күні Таулы Қарабақта оқ атуды тоқтату туралы келісім күшіне енгеннен кейін шабуылдың жанданғаны хабарланды. Тараптар бір-бірін шабуыл жасады деп айыптады.

9 тамыз күні Армения, Әзербайжан және Ресей сыртқы істер министрлері Мәскеуде кездесіп, Таулы Қарабақтағы атысты тоқтата тұру туралы келісім жасаған. Келісім 10 қазан күні күндізге 12.00 уақытында күшіне енген. Шешім тұтқындар мен қайтыс болғандардың мәйітімен алмасу үшін гуманитарлық мақсатта қабылданды. Бұл іске қатысуға Халықаралық Қызыл Крест комитеті де шақырылды.

Алайда 10 қазан күні, келісім күшіне енгеннен кейін екі тарапта Қарабақта атыс болып жатқанын, дрондар мен артиллерияның молынан қолданылып жатқанын мәлімдеді.

Армения сыртқы істер министрлігі Әзербайжанды 12.05 уақытында Карахамбейли дейтін жерді шабуылдады деп айыптады.

Ал Әзербайжан сыртқы істер министрлігі армян тарабының мәлімдемесін «өтірік және кезекті арандату» деп атап, Арменияны 10 қазан күні таңертең Геранбой, Тертер, Агджабеди және Физули аудандарын атқылады деп айыптады.

Таулы Қарабақтағы қақтығыс 27 қыркүйекте басталған. Армения мен Әзербайжан шиеленісті бірінші болып бастады деп айыптайды. Ал Қарабақтағылар елді-мекендердің шабуыл астында қалғанын айтады.

Армения әскери жағдай енгізіп, бүкілхалықтық мобилизация жарияласа, Әзербайжан жартылай мобилизация жариялады.

Армения мен Әзербайжан арасындағы Таулы Қарабақ дауы Совет Одағы кезінен жалғасып келеді. 1988 жылы басталып, 1994 жылы аяқталған соғыс кезінде 30 мыңға жуық адам қаза тапты, жүздеген мың адам босқынға айналды. Негізінен армяндар тұратын аймақ 1991 жылы Әзербайжаннан бөлініп шығатынын мәлімдеді, бірақ әлемнің ешқандай елі оны мойындамады. Халықаралық құқыққа сәйкес, Таулы Қарабақ – Әзербайжан жері.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG