Accessibility links

Алматыда он шақты адам митингіге шықты. Билік оны заңсыз деп тауып, белсенділерін ұстап әкетті


Билік заңсыз деп таныған митингі кезінде сөз сөйлеп тұрған ер азамат. Алматы, 11 қазан 2020 жыл.

Бүгін, 11 қазан күні Алматы қаласында оншақты адам Ғылым академиясы ғимаратының алдындағы Шоқан Уәлиханов ескерткішінің жанына жиналып, митинг өткізді. Билік митингінің заңсыз екенін айтып, белсенділік танытқан қатысушыларды автозакпен алып кетті.

Митингіге келгендер қандай да бір партияға не қозғалысқа жататын-жатпайтынын айтпады. Өзін Досжан деп таныстырған жас азамат құрдастарын "оянуға" шақырды.

– Болашағымыз үшін күресуіміз керек. Мен еріккеннен шығып жатқан жоқпын, менің қызым өсіп келе жатыр. Бала-шағаның жағдайы жақсы болсын, Қазақстанның байлығы тоналмасын, жер сатылмасын, – деді Досжан қарлыға сөйлеп.

Зейнет жасындағы Сайлау Лепесбаев елдегі ахуалдың қиындағанын, жемқорлықтың асқынғанын айтып, парламент сайлауындағы ашықтық мәселесін көтерді.

Жиынға Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасы жетекшісінің орынбасары Айдар Есенбеков пен қала прокуратурасының өкілі Жандарбек Сұлтанбекұлы келіп, митингінің заңсыз екенін, себебі алдын ала хабарландыру болмағанын айтты. Билік өкілдері "Бейбіт жиындар туралы" жаңа заңға сәйкес, митинг өткізу туралы хабарлама бес күн бұрын берілу керек деді.

Артынан полиция жасақтарып келіп, митингінің белсенділік танытқан қатысушыларын ұстап әкетті. Қалғандары өз бетімен тарады.

6 қазан күні Украинада тұратын Айдос және Наталья Садықовтардың "Бәсе" каналы 11 қазан күні қазақстандықтарды митинг өткізуге шақырды. Қазақстан билігін сынайтын "Бәсе" каналы митингі кезінде билікке үш талап қоятынын мәлімдеді. Олар: мажоритарлы сайлау жүйесіне көшу, сайлау кезінде бюллетеньді санау тәртібін өзгерту және партияны тіркеуді жеңілдету.

Ақтөбе қаласында митинг өтеді деген облыс әкімдігі алдына Ақбұлбұл Шаимова мен Еркебұлан Құлбасов есімді екі азамат келіп өз талаптарын айтты.

Ақтөбе қаласында митинг өтеді деген жерге келген Ақбұлбұл Шаимова (cол жақта) мен Еркебұлан Құлбасов. 11 қазан 2020 жыл.
Ақтөбе қаласында митинг өтеді деген жерге келген Ақбұлбұл Шаимова (cол жақта) мен Еркебұлан Құлбасов. 11 қазан 2020 жыл.

Ақбұлбұл Шаимова медициналық сақтандыруға шағынды.

– Медициналық сақтандыруға ай сайын төлейміз, бірақ сақтандыру [емделу шығындарын] жаппайды. Мәселен, УЗИ-ден өту керек болып, өз поликлиникамызға барсақ, бір жарым үй күту керек. Амалсыз ақылы қызметке жүгініп, өз қалтамыздан төлеуіміз керек. Егер біз медсақтандыруға ақша аударсақ, бізде ең кемі қандай медорталыққа баратынымзды таңдау мүмкіндігі болуы қажет, - дейді ол.

Еркебұлан Құлбасов биліктен сайлау туралы заңды өзгертуді, депуттардың, бұрынғы және қазіргі президенттің, үкіметтің отставкаға кетуін талап ететінін мәлімдеді.

Талаптарын айтқан бұл екі адамға Ақтөбе қаласы Астана ауданы әкімінің орынбасары Сейтмағанбет Шілманов келіп, тарауын сұрады. Қарапайым киінген, қолдарында смартфоны бар адамдар толып жүрді.

Нұр-Сұлтан қаласында митинг өтеді деген жерді полиция күзетіп тұрды, митингіге ешкім келмеді.

Биыл мамыр айында Қазақстан билігі "Бейбіт жиындар туралы" жаңа заң қабылдаған. Заңның қабылдануы жөнінде мәлімдеме жасаған ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Бұл құжаттың басты ерекшелігі – бұдан былай бейбіт жиналыс өткізу үшін рұқсат алу қажет емес" деді.

Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар заңның пандемия кезінде қабылданып, талқылаудың қажет деңгейде болмағанын, билік рұқсатын сұрау тетігі әлі де сақталғанын айтып заңды сынға алды.

Қазақстандық белсенділер жаңа заң қабылданғалы бірнеше рет митинг өткізуге әрекеттенді. Билік оның көбін заңсыз деп тапты. Бірінде пандемияға сілтеді, басқасында жиынның тыйым салынған қозғалысқа қатысы бар деді.

Өткен аптада Liberty қорының президенті, құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов және "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Алматы әкімдігінің 24 қазанда митинг өткізуге рұқсат бермегенін хабарлады. Алматы әкімдігі митингіге елде сот шешімімен қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше" партиясының белсенділері қатысуы мүмкін, ал бұл қоғам қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін деп рұқсатын бермеді.

9 қазан күні бейбіт өткізетіні туралы хабарламаны жергілікті әкімдікке Орал белсенділері берді. Олар акциясын 11 қазан күні Мәншүк Мәметова алаңында өткізгісі келетінін мәлімдеген. Қала әкімдігі алаңның митинг өткізетін жерлер тізіміне кірмейтінін айтып, рұқсат бермейтінін жеткізді.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

  • 16x9 Image

    Жаңагүл ЖҮРСІН

    Жаңагүл Жүрсін - Азаттықтың Ақтөбе облысындағы тілшісі. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық телевидениесінен бастап, әр жылдары осы өңірдегі түрлі БАҚ-та тілші, редактор, бас редактор қызметін атқарған. Азаттықпен 2011 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG