Accessibility links

Әкімдік құқық қорғаушыларға саяси реформа тақырыбында митинг өткізуге рұқсат берді


Митинг өтетін аумаққа жақын көшені жауып тұрған полиция қызметкерлері. Алматы, 13 қыркүйек 2020 жыл.
Митинг өтетін аумаққа жақын көшені жауып тұрған полиция қызметкерлері. Алматы, 13 қыркүйек 2020 жыл.

Liberty қорының президенті, құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов және "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Алматы әкімдігінің қалада митинг өткізуге рұқсат бергенін хабарлады.

Бұған дейін екі құқық қорғаушы "саяси реформа жүргізу және саяси себеппен қудалауды тоқтату" тақырыбында митинг өткізгісі келетінін мәлімдеп, жергілікті атқару органына бірнеше рет өтініш түсірген. Әкімдік олардың екі өтінішін қанағаттандырмай, үшінші өтінішін мақұлдап отыр. Митинг 500 адамға арналған.

Құқық қорғаушыларға жіберген жауапта жергілікті қоғамдық даму басқармасы ұйымдастырушыларға жиын кезінде "тақырыптан ауытқымауды" және "санитарлық талаптарды орындау" қажеттігін ескерткен.

Соңғы рет әкімдік елде қызметіне тыйым салынған “Көше” мен “Қазақстанның демократиялық таңдауы” ұйым белсенділерінің митингіге қатысуы мүмкін екенін айтып, құқық қорғаушылардың өтініштерін қанағаттандырмаған болатын.

Мамыр айында сот "Көше партиясын" елде экстремистік деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысымен бір ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған еді. Қазақстан соты "экстремистік" деп таныған ҚДТ-ны Еуропарламент 2019 жылғы наурыз айындағы қарарында "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. Оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов пен жақтастары ҚДТ туралы сот шешімінің саяси астары бар деп санайды. "Көше партиясы" мен ҚДТ қызметіне тыйым салу туралы сот шешімдері жарияланбады.

Қазақстанда маусым айында "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылданғанмен құқық қорғаушылар бейбіт жиынға шыққан азаматтарды ұстау мен оларды қудалау тыйылмады деп отыр. Жергілікті билік бұрынғыша шараның "рұқсат етілмегенін" алға тартып, заңсыз деумен келеді. Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар жаңа заңда ескі шектеулер қалғанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG