Accessibility links

Жээнбеков Жапаровты премьер-министр етіп бекітпеді, парламент спикері таңдалды


Парламент спикері ретінде сайланған Канат Исаев.
Парламент спикері ретінде сайланған Канат Исаев.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков үкіметтің құрамы мен құрылымын анықтау туралы қаулыны парламентке қайтарды. Оның пікірінше, 10 қазанда Садыр Жапаровты премьер-министр ретінде бекіткен Жогорку Кеңештің кезектен тыс отырысында кворум болмаған.

"Кворум болуы үшін отырысқа 61 депутат қатысуы тиіс. Сенімхаттың болуы дауыс беруге құқық бергенмен кворумның болғанын білдірмейді" делінген президент сайтында жарияланған хабарламада.

Онда 10 қазан күнгі Жогорку Кеңештің кезектен тыс отырысына ресми түрде 51 депутат қатысқаны, қалған 10 депутат тарабынан сенімхат болғаны айтылады. Осылайша кворум болмаған, сәйкесінше қабылданған шешімнің де заңды күші жоқ деп жазылған.

13 қазанда "Ала-Арча" мемлекеттік резиденциясында өткен парламенттің жаңа отырысында "Кыргызстан" фракциясының жетекшісі Канат Исаевтың парламент спикері ретінде таңдалғаны белгілі болды.

Отырыс басында 62 депутаттың қатысып отырғаны айтылды, тағы 12 депутат тарабынан сенімхат болған. Алайда дауыс беру соңында 80 бюллетень пайдаланылды деп айтылды. Исаевқа 72 депутат дауыс берген, екеуі қарсы болған.

Канат Исаев алдағы парламент сайлауына қатысқысы келетінін, бірақ түпкілікті шешім қабылдамағанын айтты. Оның пікірінше, президент Сооронбай Жээнбеков отставкаға кетпеуі тиіс.

"Президент қалуы тиіс, жағдай күрделі. Көбі спикер президент міндетін атқара алады дейді, бірақ ол оны толық алмастыра алмайды. Президенттен қызметінде қалуын сұрауымыз керек. Ол мемлекет құқық аясына оралғаннан кейін отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеген, бірақ заңды жолға түсу - бұл тек премьер-министрді сайлап қою емес. Тұрақтылық орнату керек" деді ол.

Қырғызстанда 4 қазанда парламент сайлауы өтіп, ізінше парламент сайлауының қорытындысымен келіспеген саяси күштер наразылық өткізіп, соңы тәртіпсіздікке ұласқан. Содан бері елде саяси дағдарыс орнаған. Елде парламент сайлауының қорытындысы жарамсыз деп танылды. Үкімет отставкаға жіберіліп, парламент спикері қызметінен кетті. Бұған дейін мемлекет "құқық аясына оралғаннан кейін кетуге дайын екенін" мәлімдеген президентті отставкаға кетсін деп талап етіп жатқан топтар да бар. Әзірге саяси күштер ортақ мәмілеге келе алған жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG